Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жұмыс сапары барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қоғам өкілдерімен де кездесті


 

 

Жаңа вокзалмаңы алаңы қазір құлпырып тұр. Саябақта қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтың құрметіне ескерткіш орнатылған. Сондай-ақ, екі субұрқақ, гүлзарлар теміржол вокзалының маңына көрік беріп тұр. Мұнда қала тұрғындары мен қонақтарының демалуына барынша ыңғайлы. Әсем әрі жайлы жерде Елбасы жиылған жұртпен әдеттегі өзіне тән сабырлықпен сөйлесіп, хал-жағдайларын сұрастырды. Алғашқы болып сөз алған Ұлы Отан соғысының ардагері Степан Башкиров Нұрсұлтан Назарбаевқа қарттарға көрсетілетін құрмет пен қамқорлық үшін ризашылығын білдірді.Ақын Мүтәллап Қанғожин   халықтың Елбасына деген сүйіспеншілігін екі шумақ өлеңмен жеткізіп, мемлекет басшысына қос жинағын тарту етті. Жастар да мемлекет басшысына кейінгі толқын өкілдеріне көрсетіліп келетін қолдау үшін алғысын айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев қоғам өкілдерімен кездесу барысында қалада іске қосылған жаңа сүт зауытының айрықша маңызына тоқталып, кәсіпорынның Орталық Азияда үздік екенін айтты. Елбасы жалпы Солтүстік Қазақстан облысында атқарылып жатқан істерді және өңір басшысы Серік Біләловтің еңбегін жоғары бағалады. Өңірде еңсерілген жұмыстарға жерлестеріміз де тоқталды. Бүгінде облыста мемлекет басшысының жолдауы аясындағы барлық шаралар қолға алынған. Бірқатар мемлекеттік бағдарламалар сәтті жүзеге асып, нәтижесін беруде. Ендігі кезекте, ұлт көшбасшысы барша қазақстандықтарды мемлекет игілігі жолында аянбай еңбектенуге шақыруда. Бұл мәселеге Президент Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі кездесуде де тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазір мүмкіншіліктер зор. Еңбек еткен молшылықта өмір сүреді. Мәселен, ауылда жұмыс істегісі келетін азамат шағын несиелерді пайдала алады немесе қалада еңбек етемін десе, оны мемлекет басқа мамандыққа тегін қайта оқытып, әрі кәсіп табуына септеседі. Сол себепті, бізде жұмыссыздық болмауы тиіс.

Елбасы халықтың әл-ауқатының артқанын да сөз етті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мемлекет пен оның саясаты халық игілігі үшін қызмет атқарады. Елімізде бала туу кезіндегі ана өлімі 40 пайызға төмендеді. Бізде адамның ішкі органдарын ауыстыру бойынша оталар жасала бастады. Бұл дүние жүзінде тек 20 елде ғана жүргізіледі. Мен осыдан 6 жыл бұрын Қазақстанның бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіруі туралы мақсат қойған едім. Дүниежүзілік форум Қазақстанның 51-ші орынға тұрақтағанын жариялады.

Кездесу барысында қоғам өкілдері Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған жолдауын қолдап, ұлтаралық татулық пен келісімді бағалайтындарын жеткізді. Елбасымен жүздесуден жиылған жұрттың болашаққа деген сенімі артып, патриоттық сезімі мен рухы асқақтай түсті. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев облысқа жасаған сапарының барысында қаламызда жаңадан бой көтерген Аквапаркке ат басын бұрды. Елімізде 1000 адамға шақталған мұндай спорттық-сауықтыру су кешенінің баламасы жоқ. Озық үлгідегі нысанның құрылысы 3 жыл бойы жүргізілді. Қазақстанда алғашқылардың бірі болып ірі жобаны қолға алған кәсіпкер Сергей Леонтьев мемлекет басшысын нысанның жұмысымен таныстырды.

Сергей Леонтьев, “Леонтьев” ЖШС бас директоры:
– Құрылысқа 1 млрд 800 мың теңге көлеміндегі өз қаржымызды құйдық.
Оның 800 млн мемлекеттің қолдауымен алынған несие. Сондай-ақ қалалық әкімдік инфрақұрылымды жаңартуға септесті. Мемлекеттік тапсырыс бойынша ауыл бүлдіршіндері мен аз қамтылған отбасыларының балаларына саяхат жасалып тұрады.

Мұндағы 8 мың 600 шаршы метр аумақта халықаралық талаптарға сай бассейнді жоғары бойлай 4 бірдей жанұялық сырғанақ тұрғызылды. Әрбірінің диаметрі 3 метр, ал ұзындығы 150 метрді құрайды. Аквапарк қонақтары сондай-ақ спорт залы, фитнес, спа орталығы мен 5 бірдей сауна , кафенің қызығын көре алады. Бұған қажетті озық үлгідегі қондырғылар Канададан арнайы жеткізілген.

Данаш Хамзина