Аптадағы маңызды жаңалықтар

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облыс орталығында “Молпродукт” ЖШС-де болды

 

Орталық Азиядағы бірегей сүт зауытының жылдық қуаты 85 мың тоннаны құрамақ, ал тәулігіне бұл кәсіпорын 500 тоннаға дейін өнім шығаруға қауқарлы. Бұған Елбасы көз жеткізді. Нұрсұлтан Назарбаевқа жаңартылған нысанның өндірістік корпусы мен озық үлгідегі технологиялық қондырғылары көрсетілді. Швеция, Германия және Франциядан жеткізілген арнайы жабдықтар толықтай автоматтандырылған. Жаңаша әдіспен дайындалған алғашқы өнімнің 40-қа тарта үлгісімен танысқан Президент зауыттың жұмысына оң бағасын берді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бұндай сүт кешенінің баламасы жоқ. Ірі көлемде өнім шығаратын зауыт Орта Азия елдерінің ішінде біздің мемлекетімізде ғана бар. Бұның өзі облыс үшін үлкен жетістік.

Шикізат алдымен 140 градустық температураға дейін пісіріледі. Бұл пайдалы азықтың ұзақ уақыт бойы нәрлігін жоймай, бүлінбеуінің қамында жасалатын шара.Сондықтан, жаңа “ТетраПак” әдісімен құйылатын сүт өнімдерін 6 айдан 1 жылға дейін сақтау мүмкіндігі туды. Заманауи қондырғылар сағатына 9,5 мың дана қаптама орап шығара алады.

Баян Әшімбаева, “Молпродукт” ЖШС бас директоры:
Бұл жақын шетелдердің нарығына шығуға үлкен сеп болып отыр. Әрине бірінші кезекте еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық береміз. Артылғанын Ресейге өткізу жоспарланып отыр. Болашақта экспорттың үлесін 50 пайызға жеткізу көзделген. Бұған шикізат қоры жеткілікті. Өңіріміздің әр ауданында сүт қабылдау пункттеріміз ашылды. Жеткізушілермен келісімдер жасап қойдық.

Инвестициялық жобаның жалпы құны 3,5 млрд теңгені құраған. Қаржының дені  “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы екінші деңгейлі қаржы институтында рәсімделген несие.

Рауан Дәукенов, “Нұр Банк” АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
– Елбасының қолдауымен «Нұр банктің» қаржыландыру бағдарламасына сәйкес үлкен зауытты ашып отырмыз.
Қаржыландыру көлемі 3 млрд. теңге. Бүгінде 2,5 млрд теңге игерілді. Бұл зауыттың келешегі өте зор деп ойлаймын.

Кешенді іске қосу жаңадан 140 жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Лидия Макаренконың негізгі еңбек өтілі сүт өндірумен байланысты. Қайта даярлау курсынан өткен тәжірибелі маман енді жаңартылған кәсіпорынның бас технологы қызметін атқаратын болады.

Лидия Макаренко, “Молпродукт” ЖШС бас технологы:
Бұған дейін тәулігіне не бары 20 тонна өндіретінбіз. Ол кезде құрылғылар да басқа болды. Қазір өндірісті бір адам ғана басқарады. Қолдың күші қажет емес. Автоматты құрылғылар аса дәлдікпен сапасы өте жоғары өнім шығарады.

Ұлт көшбасшысы өндіріс ұжымымен тілдесіп, бастамаларына сәттілік тіледі.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Елімізде жұмысшылардың әл-ауқатын арттыруға үлкен көңіл бөлінеді. Жалақы мәселесі назардан тыс қалмайды. Еңбек адамының жұмысы тиісінше бағаланады. Ел бойынша әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Солтүстік Қазақстан өңірінің ауыл шаруашылығымен таныстық. Егін бітік шығыпты, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту жақсы жолға қойылған. Енді ірі сүт кешені ашылды. Тамақтарыңыз тоқ, көйлектеріңіз көк екендігіне көз жеткіздім.

Жалпы өңірімізде шағын және орта бизнестің әлеуетін дамыту бағдарламалары аясында 42.3 млрд теңгенің 30-ға тарта жобасы қолға алынған. Өндіріс көлемі 9,5 есеге артып, жаңадан 2 мыңға тарта жұмыс орны ашылды. Елбасы бұған бас-көз болып, мемлекеттік саясатты жүзеге асырып келетін облыс әкімі Серік Біләловтың жұмысына оң бағасын берді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Облыстың бірінші жетекшісі жемісті еңбек етіп келеді. Талай игі істі еңсеріп тастаған. Менің сенімімді ақтап жүр. СҚО тумасы болғандықтан, туған жеріне жаны ашитыны байқалып-ақ тұр. Өңір халқына да қарап жатпай, әкімнің игі бастамаларын жүзеге асыруға барынша атсалысу керек. Әсіресе мемлекеттің ауқымды жобаларына қатысушыларға артылған жүк ауыр.

Зауыт ұжымы өз кезегінде мемлекет басшысының сенімін ақтау үшін аянбайтындарын жеткізді.

Жеңіс Ермұқанов