Мәдениет

Тіл білгірлерінің байқауы

 

 

Байқауға қатысушылар алдымен көркем де бай қазақ тілін қаншалықты білетіндіктерін тест тапсырмаларын орындау кезінде көрсетеді. Ол үшін сайыскерлер лексика-грамматикалық 25 сұраққа 30 минуттың ішінде дұрыс жауап белгілеулері керек. Кез-келген мемлекеттің ең негізгі рәмізі де, ұраны да, тірегі де сол елдің ана тілі болмақ. Осыны жақсы түсінген Денис Аблаев қазақ тілін жетік меңгеруге талпынып жүрген жастардың бірі.

Денис Аблаев, Озерный орта мектебінің оқушысы, Жамбыл ауданы:
– Қазақ тілі – мен үшін өте маңызды. Өйткені мен Қазақстанда тұрамын. Ал ҚР-ның мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Қазақ тілі бізге болашақта керек деп санаймын.  

Байқауда барлығы 13 қатысушының арасынан тіл білгірлері анықталмақ. Аққайың ауданынан келген Юлия Совостина қазақ тілі бойынша өткізілетін сайыстарға үнемі қатысуға тырысады. Қазақ ақын-жазушыларының өмірі жайлы оқығанды ұнататын ол жарысқа барынша жақсы дайындалған.

 Юлия Совостина, №1 Смирнов орта мектебінің оқушысы, Аққайың ауданы:
– Облыста өткізіліп отырған сайысқа алғаш рет қатысуым. Жалпы мен «Абай оқуларына» үш жыл бойы атсалысудамын. Оның 70-ке жуық өлеңін жатқа білемін. 

Байқау талаптары бойынша сайысқа 14 пен 22 жас аралығында жастар қатыстырылды.

Үмітжан Шынтемірова, СҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бас маманы:
– Байқау үш номинация бойынша өткізіледі.
Бірінші номинация – лексика-грамматикалық тест. Екінші номинация екі бөлімнен тұрады. Бірінші, берілген тақырыпқа эссе жазады, екінші тапсырма – монолог құрайды. Үшінші номинация кезкелген жанрдағы мәтінді мәнерлеп оқып береді.

Облыстық сайыстың жеңімпаздары желтоқсан айында Астанада өтетін республикалық байқауға жолдама алмақ.

Әспет Әбдірешова