Энергетика

Петропавлда тұрғындарға тағы бір орталық қызмет көрсетеді



 

Жаңа орталықта жеке тұлғалардың өтініштері мен есептеу аспаптарының көрсеткіштері қабылданып, электр желісінен ажырату, қосу және кеңес беру сынды қызметтер көрсетіледі. Мамандар енді бұрынғыдай ұзын-сонар кезек болмайтынына сендіріп отыр. Жаңа орталықтың ашылуымен энергетиктерді СҚО әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов құттықтады.

 Қайрат Бекенов, СҚО әкімінің орынбасары:
– Мемлекет басшысының алдымызға қойып отырған басты міндеті – халыққа сапалы қызмет көрсету. Сол орайда «Севказэнерго» АҚ-ның жұмыс сапасын жақсарту үшін жасап жатқан істері қуантады. Осы орталықтың арқасында көптеген кәсіпкерлер мен қатардағы тұтынушылар электр энергиясына қосылуда еш қиындық көрмейді деген ойдамын.

Мұнда тұтынушылар үшін барлық жағдай жасалған. Мекемеде электронды кезекке тұру жүйесі жұмыс істейді. Ал арнайы ашылған 13 терезеден тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтар бойынша кеңес алады.

 Анатолий Казановский, Электр энергиясын тарату және бақылау басқармасының бастығы:
– Қандай есептеуіш құрылғысын таңдау керек, ол үшін қандай техникалық құжаттар толтырылады. Бұл орталықта осы және басқа да қызмет түрлері көрсетіледі.  

Бұрын сервистік қызметтер бөлек ғимараттарда орналасқан 5 бөлімде көрсетілген-ді. Жаңа орталық тұтынушыларға көрсетілетін қызметті айтарлықтай жеңілдете түспек.

Әспет Әбдірешова