Мәдениет

«Сафуан Шаймерденов: тұлғасы және тағылымы»



 

Көркем сөздің жұлдызы атанған Сафуан Шаймерденов көзі тірі болса, биыл 90 жасқа толар еді. Қазақ прозасында өзіндік орны бар бірқатар туындылардың авторы әрдайым өмір, достық, махаббат тақырыптарына қалам тербеген. Әр баяндамашы өз сөзінде Сафуан Шаймерденовтың адамгершілігі мен шығармашылығына тоқталды. Оның замандастары жазушының өмірінен естеліктер айтып, туындыларын талқылады.

Уәлихан Қалижан, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Әдебиет зерттеу институтының директоры:
– Соғыстан кейінгі кезде соғыс туралы романдар мен повестер көбейіп кетті. Ал халық бейбіт өмірді аңсады. Сафуан Шаймерденов бірден «Болашаққа жол» романын жазды. Ол кісі қарапайым адамдар арқылы адамның сезімін дәріптейді.

Қазақбай Тоққожин – Сафуан Шаймерденовтың немере інісі. Екеуіміздің арамыз 18 жас, сондықтан әрдайым жазушының қамқорлығына бөленіп, ағалық мейірімін көрдім дейді ол.

Қазақбай Тоққожин, Сафуан Шаймерденовтың немере інісі:
– Ағамыз өмірде өте қарапайым болған кісі.Бәріміз сол кісіден үйрендік.
Ол жол көрсетті. Романы бекерден «Болашаққа жол» деп аталмаған.

Конференцияға оқушылар мен студенттер де қатысты.Олар жазушының “Мезгіл”, “Қарғаш”, “Өмір нұры”, “Ит ашуы”, “Мәжнүн тал” повестері мен “Инеш” романын жақсы біледі, қызыға оқиды.

Айтолқын Мұнайдарова, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:
Сафуан Шаймерденовтың шығармалары заманға сай жазылған. Туындылары жас талғамайды. Әсіресе, студенттерге берері мол.

Сафуан Шаймерденовтың қаламынан туған шығармалар әрдайым жас ұрпаққа рухани азық, үлгі-өнеге болмақ.

Инеш Шоқақова