Ауыл шаруашылығы

Есілдіктер әр гектардан 18 центнерден астам астық бастыруда

 

 

Қолайсыз ауа райы “Заградовское” серіктестігіндегі егіннің бітік шығуына кедергі келтірмеді. Қуаңшылықты жеңу тың технологияларды қолға алудың арқасында мүмкін болған. Шаруашылық орақ науқанын кестеге сай 10-шы қыркүйекке дейін аяқтады. Гектар берекелігі 18 центнер шамасында.

 Александр Жидяев, “Заградовское” ЖШС бас агрономы:
-Жұмысшыларымыздың ұйымшылдығы мен жауапкершілігінің арқасында бар шаруаны 26 күнде тындырдық.
Бидайды жоғары өнімді кешендер екті. Олар тұқым себумен қатар жер өңдеп, дәріледі. Техника, адам күші жеткілікті.

Бадана дәнді дер кезінде бастыруда танап басында жүрген арнайы көліктердің де сайлығы өте маңызды. Жыл сайын серіктестіктің техникалық паркі жаңартылып тұрады. Виктор Арютиннің “Джон Дирге” отырғанына екінші маусым болыпты.

 Виктор Арютин, “Заградовское” ЖШС механизаторы:
– Өте қауқарлы, қозғалтқышының күші үлкен техника. 15-20 центнерлік шығымдылықты аса сезбейді де. Десе де тілін табу қиын емес, шаршамайсың.
Бәрі автоматтандырылған. Кабинада отырып компьютер арқылы басқарылады. Өте қолайлы.  

“Агрохимснаб” серіктестігі әзірге орақ науқанының бел ортасында. Бидай сіңірілген 7 мың гектар алқаптың күйі жаман емес, шығымы біркелкі. Ендігі мақсат жаз бойы бел жазбай күткен егінді ысырап қылмау. Астықты құлатуға шыққан 10  техниканың  дені биыл мемлекеттің қолдауымен “ҚазАгроҚаржы” АҚ арқылы алыныпты.

 Василий Шкодин,  “Агрохимснаб” ЖШС директоры:

– Алғашқы егілген алқап аптап ыстықта күйіп кетті. Біз әр гектарға 50 кг минералды тыңайтқыш құйдық. Барлық қорғаныш шараларын жасадық. Қандай заманауи технология болсын адам күшін толығымен алмастыра алмайды. Сондықтан ауыл еңбеккерлерінің жұмысы орнымен бағалануы тиіс.

Табанды еңбек пен ғылымды ұштастыра білген “Агрохимснабтың” диқандары гектарынан кемінде 2 тонна ырыс дәнін жинап алуға дәмелі. Есіл ауданына қарасты агроқұрылым жұмысшыларының маңдай тері ақталуда. Бүгінде 182,2 мың Га жердегі астық дестеге түсірілді. Бұл шамамен бар алқаптың 73 пайызына жақын. Орташа гектар берекелігі 18,5 центнерден айналуда.

Жеңіс Ермұқанов