Қоғам

№17 мектепте Тілдер апталығы басталды



 

Қазақстан халықтарының тілдері күні қарсаңында №17 ұлттық өркендеу  мектеп-кешенінде тілдер апталығы басталып кетті. Апталықтың ашылуына орай білім ордасының оқушылары шағын мерекелік концерт ұйымдастырды. 3-сыныпта оқитын Назерке Баженова болашақта бірнеше тілді қатар үйренгісі келетін оқушылардың бірі. Бүгінгі мерекеге ол “Ана тілі” өлеңін жаттап келіпті.

 Назерке Баженова, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің оқушысы:
– Ана тілім – жүрегісің анамның, жүрек ана мен өзіңнен жаралдым. Сағат сайын саулығыңды тілеймін. Жасай бер тілім.  Мен екі тіл білемін. Қазақ және орыс тілі. Қазақ тілі маған ұнайды.  Біздің мектепте көп тілдер үйретіледі. Болашақта мен ағылшын тілін үйренгім келеді.

Әрбір халықтың тілі – сол халықпен бірге өмір сүріп дамиды, себебі әр ұлттың тілі – оның бақытты тірегі. Мұны мектеп оқушылары жақсы түсінеді.

 Әйгерім Кашенова, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің оқушысы:
– Мен өз тілімді мақтан тұтамын. Мектебімізде басқа ұлттар оқиды. Басқа ұлттардың тілін де үйренгім келеді.  

Түрлі ұлт өкілдерінің басын бір шаңырақтың астына жинаған оқу ордасында биыл 213 оқушы тәлім алуда. Жылдан-жылға оқушылардың тіл үйренуге деген қызығушылығы артып келеді дейді ұстаздар қауымы.

 Зура Ибраева, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің оқу ісінің меңгерушісі:
– Биыл біздің мектебімізде 9 бөлім жұмыс істеп жатыр. Жыл сайын тіл апталығын өткізіп, барлық бөлімдердің оқушылары қатысып, көп шаралар өткізіледі. Бар мақсатымыз – ол қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу, осы мектептегі ұлттық топтарға құрмет көрсету.

Тілдер апталығы аясында оқушылар түрлі шараларға қатысып, оны қызықты өткізуге барларын салмақ.

Әспет Әбдірешова