Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тілдер фестивалі


 

 

Мемлекеттік тіл – қазақ тілі – тәуелсіздігіміздің тірегі. Форумды ашқан облыс әкімі Серік Біләлов Елбасының тіл саясатын жүзеге асыру – барша қазақстандықтың борышы деді. Бұл өңірде іске асып жатқан негізгі бағыттардың бірі.Бүгінде облыстағы 601 мектептің 147-сінде оқу қазақ тілінде жүргізілсе, 125-сі балаларды екі тілде оқытады. Ал 327 өзге ұлт өкілі қазақ мектептерінде білім алып жүр екен. “Тілдің үш тұғырлығы” жобасы аясында қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде білім беретін үш мектеп бар.
ФОРУМДА өңір жетекшісі Серік Біләлов ел дамуына үлес қосқаны үшін еңбек ардагері Кеңес Әубәкіровті “Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл” медалімен марапаттап, тағы да бірқатарына Мәдениет министрлігі Тілдер Комитетінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатын, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын табыс етті. Бүгін Ерлік Мұхамеджанов сахнаға екі рет шығып, әкімнің қолынан екі рет марапат алды. Өңір жастарының басын қосқан екі бірдей бірлестік құрып, қазақ тілін дамытуға еңбек сіңіріп жүрген ол қазір “Петропавл КВН” РЖҚБ филиалының директоры және “Қызылжар жастары” қоғамдық бірлестігінің жетекшісі. Форумда сондай-ақ, аудандардағы тіл жанашырлары да марапатталды. “Мемлекеттік тілді үздік меңгерген” номинациясы бойынша есімдері аталғандардың арасында Уәлиханов ауданының өкілдері де бар.  “Қазтест” бағдарламасы бойынша биыл 2 236 мемлекеттік қызметші қазақ тілін қаншалықты меңгергенін көрсеткен. Соның 9-ына бүгін сертификат пен ақшалай сыйақы табыс етілді.
Тіл жанашыры әрі белгілі өлкетанушы Қайролла Мұқановтың да туған күні ұмыт қалған жоқ. Серік Біәлов 80 жасқа толған мерейтой иесіне жеңіл көліктің кілтін табыс етті. “Болашақ” бағдарламасы бойынша Англияда білім алып келген Елена Давыденко бүгінде облыста қызмет етуде. Облыстық мәдениет басқармасының бас маманы тілді меңгеремін деген жастарға көрсетілетін мемлекет қолдауын жоғары бағалап отыр. Форум соңында жиынға қатысушылар солтүстікқазақстандықтарға мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және ұлтаралық татулықты нығайтуға шақырған үндеу жолдады.

 

Данаш Хамзина