Ауыл шаруашылығы

“Дайындық” ЖШС биыл рапс өсірді



 

“Дайындық Агро” ЖШС биыл 100 Га алқапқа рапс дәнін де егіпті. Бұл майлы дақыл жақсы күтім мен ылғалды аса қажет етеді. Биылғы қуаңшылық диқандарға ауыр тиіп, біршама қиындықтар туғызғаны мәлім. Дегенмен, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, Германиядан арнайы жеткізілген жоғары сұрыпты тұқым біркелкі әрі бітік шықты. Серіктестік алқаптарындағы гектар берекелігі 14 центнерден айналуда. Бұл облысымызда рапс бойынша әзірге ең жоғарғы көрсеткіш.

 Ермек Қасенов, “Дайындық Агро” ЖШС бас агрономы, Аққайың ауданы:
– «Маслодел» фирмасына өнімімізді тексерттік, бүкіл параметрлері сәйкес келіп жатыр. Рапсты биыл бірінші жыл өсірдік. Мұндай жақсы өнім алып жатқанымыз  жаңа техниканың арқасы.

Танап басында 6 бірдей жоғары өнімді шетелдік комбайн жүр. Оның 4-і ауыл еңбеккерлерінің көңілдерінен шығып, таптырмас көмекшіге айналған озық үлгідегі “Джондир” маркілі техника. Бірінің рөлін Жолдас Дүйсенов ұстаған. 33 жылдық еңбек өтілі бар механизатор мен оның әріптестеріне  алқаптың 10 пайызын жинап алу ғана қалған. Бұл шамамен 3-4 сағаттық жұмыс.

 Жолдас Дүйсенов, “Дайындық Агро” ЖШС механизаторы, Аққайың ауданы:
– Бұл комбайнның мүмкіндігі мол.
Өте ыңғайлы. Қандай ыстық болса да іші салқын. Бүкіл функцияларын компьютер орындайды. Жылдам. Күніне 100 Га құлатады, 80-90 Га жинайды.  

Серіктестік өңірімізде алғашқылардың бірі болып бидай ору жұмыстарын тәмамдапты. 7200 Га алқаптағы ырыс дәні өткен аптада толығымен бастырылды. Орташа гектар шығымдылығы 20 центнер. Кілегейлігі 28 пайызға жеткен. Негізінен 3-ші сұрыпты бидай. Ылғалдылығы астықты кептірмей-ақ бірден қамбаға құюға мүмкіндік береді. Жалпы Аққайың ауданының 44 серіктестігі мен 200-ден артық шаруа қожалығы биылғы орақ науқанында 187 мың Га алқаптан астық жинауы керек. Диқандардың дені маңызды шаруаны аяқтап тастаған.

Серік Әбділманов, Аққайың аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бастығы:
– Бүгінгі күні бар көлемнің 85 пайызы дестеге түсірілді. Бұл 158 мың Га. Оның ішінде орылғаны 144 мың Га, 77 пайызды құрап отыр. Орташа өнім гектарынан 14,5 центнер.  

Аққайыңдықтар ауа райы қолбайлау болмаса, орақ науқанын 20 қыркүйекте бітіреміз деп отыр. Осы күні алдағы егістікке жетерліктей 28 мың 500 тонна сапалы тұқым әзірленіп қойыпты.

Жеңіс Ермұқанов