Қоғам

Мемлекеттік қызметшілерді оқытуға арналған жаңа бағдарлама



 

Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктіліктерін көтеру жөніндегі өңірлік орталықта жыл сайын 10-ға тарта жаңа бағдарлама құрастырылып, тыңдаушыларға ұсыналды. Жуық арада орталық ұстаздары кезекті бағдарламаны дайындап шығарды. Құрастырушылардың жаңа жобасы “Басқару мәдениетінің рухани құндылық негіздері” деп аталады.

Татьяна Михайлова, СҚО әкімдігінің мемлекеттік қызметшілерін қайта даярлау және біліктіліктерін арттыру аймақтық орталығының аға оқытушысы:
– Жаңа оқыту бағдарламасы мемлекеттік қызметшілердің жеке қасиеттері мен іскерлік мүмкіндіктерін ашуға бағытталған. Біз бір жоба аясына әлеуметтік, этникалық және кәсіби мәселелерді бір жолға қойдық. Жұмысы бастан асатын лауазымды қызмет иелеріне психологиялық күйзеліске ұшырамаудың жаңа жолдарын ұсынамыз.  

Шеберлік сабақтары 40 сағатқа шақталған. Бағдарламада дәріс оқу, тренинг пен іскерлік ойын әдістері қарастырылыпты. Оқыту ашық диалог түрінде жүргізіледі. Бұл тыңдаушыны қызықтырғанның бәріне бірлесіп жауап іздеуге мүмкіндік береді.

Мұратбек Нұрғалиев, Уәлиханов аудандық мәслихатының бас маманы:
Біз үш жылда бір біліктілігімізді арттырамыз. Сабақтарда жаңа ақпараттық технологиялар, жаңа әдістер қолданылады. Бұл біздің шеберлігімізді арттырады.  

Жұмысын тастап кете алмайтын лауазымды қызметтегілерге қашықтықтан оқыту формасы да ұсынылады. Жаңа бағдарламамен ауылдық жерлерге шығу көзделіп отыр. Орталық оқытушыларының үздік әдістемелік жинақтары республикалық «Мемлекеттік басқару және қызмет» ғылыми -талдау журналында басылып тұрады. Тіпті кейбір тың жобалар  Ресей, Украина елдерінде қолданыс тапқан. Өткен 8 айда өңіріміздің 900-ге тарта мемлекеттік қызметшісі білгеніне білім қосып қайтты. Жыл соңына дейін тағы 600 тыңдаушы шеберлігін шыңдайды деп көзделген.

Жеңіс Ермұқанов