Білім

Білім беру саласында 2012 жылдың бірінші жартысындағы тексерістер қорытындыланды



 

2012 жылдың мамыр-маусым айларында облыстағы бірқатар мектептерде тексеріс жұмыстары жүргізілді. Ондағы мақсат – мұғалімдердің кәсіби біліктіліктерін анықтау, білім саласындағы заңнаманың бұзылмауын қадағалау. Осылайша өңіріміздегі 31 мектеп жоспарлы тексерістен өткен. Заңбұзушылықтар анықталып, 40 іс сотқа берілді,  213 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.

Сәуле Кереева, СҚО білім саласындағы бақылау департаменті білім сапасын сыртқы бақылау бөлімінің бас маманы:
Ең бірінші біз қызметімізді барлық мектептерде мониторинг жүргізуден бастадық. Сол кезеңде маман емес ұстаздар анықталды. Бүгінгі күні осы ұстаздарға арнайы курстар өткізілуде. Мұғалімдер өздері де сырттай білім алуы керек.

Сондай-ақ тамыз айында 25 мектепте жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 21 білім ошағында заң бұзушылықтар анықталыпты. Мектептердің оқу құралдарымен қамтамасыз етілуі де көңіл көншітпейді. Кейінгі жылдары облысымыз бұл көрсеткіш бойынша соңғы орында келеді.
Қызылжар ауданында 48 оқу орны жұмыс істейді. Оның 5-уі білім саласындағы бақылау департаменті ұйымдастырған жоспарлы тексеріске ілікті.

Берік Аюпов, Қызылжар ауданы білім бөлімінің бастығы:
-Мұндай тексерістер білім сапасын арттыруға септеседі. Өйткені кей мектептерде мұғалімдер өз пәнімен қатар өзге пәннен де сабақ беретін жағдайлар кездеседі. Бұл мәселені шешіп жатырмыз.  

Мұндай тексеріс жұмыстары екінші жартыжылдықта да жалғасын таппақ

Айдана Демесінова