Спорт

Бокс Окованцевтер үшін отбасылық әуестікке айналды



 

Виктор Окованцев ғұмырының көп бөлігін спортзалда өткізді. Отан алдындағы борышын өтеп келгеннен кейін 21 жастағы жігіт бокспен айналысуға бел буыпты. 30 жыл ішінде жаттықтырушы талай дарынды спортшыларды қанат қақтырған екен. 

Виктор Окованцев, Олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдерге мамандандырылған спорт мектебінің аға жаттықтырушысы:
-Бокспен кеш айналыса бастадым. Алғашқы жеңісім үшін қатты қуандым. Ол кездегі сезімді сөзбен жеткізу қиын. Бүгінгі таңда балаларды жаттықтырамын. Олардың биік белестерді бағындыруы мен үшін бақыт.

Виктор Окованцевтің жалғыз ұлы Евгений де әке жолын қуып, жастайынан спорттың бұл түрімен әуестене бастаған. 2000 жылы боксшы Уфа қаласында өткен халықаралық турнирде бас жүлдеге ие болып, алтыннан алқа тақты.

 Евгений Окованцев:
-Қалалық, облыстық жарыстарда биіктен көріндім. Республикалық, халықаралық жарыстарға да қатысып, алғашқы орындарға қол жеткіздім. Ұтылған кездерім де болды, әрине. Қазір кәсіби түрде айналыспасам да, өзім үшін жаттығамын, әкеме көмектесемін.

Виктор Петровичтың немересі де спортқа қызығушылық танытатын көрінеді. 6 жасар бала Лондонда өткен Олимпиада ойындарын көріп, жерлестерімізге жанкүйер болған екен.

Артур Окованцев:
– Мен Серік Сапиевтің жанкүйері болдым, өйткені ол біздікі, қазақстандық, ол жеңіске жеткенде мен қуандым.  

Виктор Окованцевтың бапкерлік мектебінен өтіп, талай жетістікке жеткен жерлестеріміз аз емес. Әрқайсысы жаттықтырушының туған баласы іспетті. Солардың бірі Зайра Касьянова. 16 жастағы қыз 2 жыл бұрын бокспен шұғылдана бастаған. Аз уақыт ішінде жерлесіміз спорт шеберіне үміткер атанып үлгерді.

 Зайра Касьянова:
– Виктор Петрович менің бапкерім. ол кісі бізді өз балаларындай жақсы көреді. Жаттықтырушыма ризамын, өткені аз уақыт ішінде үлкен жетістіктерге жете алдым.

Виктор Окованцев бүгінде 13 пен 16 жас аралығындағы 28 шәкіртті жаттықтыруда.

Айдана Демесінова