Бизнес және экономика

«ViZaVi Company» ЖШС «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына қатысуда

 

 

«ViZaVi Company» ЖШС кондитерлік өнімдер  шығарады. Жарты жыл бұрын ашылған  цехтың жұмысы бүгінгі таңда қызу жүріп жатыр. Өндіріс орнының іске қосылуы арқылы 60 жаңа жұмыс орны ашылды. Кәсіпорын өткен жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының бірінші бағытына қатысуға ниет танытыпты. Осылайша жұмысты жылдамдатуға септескен итальяндық құрылғыларға қол жеткізген. Бұл бағытта шамамен 20 млн теңге жұмсаған екен. Заманауи жабдықтар уақытты үнемдеп, жұмыстың сапасын арттыруға жол ашты. Мәселен итальяндық пеш 10-15 минутта «Курабье» деп аталатын  печеньелердің 25 келісін дайындауға қауқарлы.

Юлия Панькова, «ViZaVi Company» ЖШС өндіріс меңгерушісі:
-Мында уақыт, температура белгіленеді. Бұл қондырғы автоматтандырылған. Сондықтан жұмысымызды жеңілдетті. Өнім дайын болғанда дыбыс береді.  

Бұл цех кондитерлік өнімнің 80 түрін шығарады екен. Олар елімізде ғана емес, сонымен бірге Ресейдің Омбы және Қорған облыстарында да сатылатын көрінеді. Істі өрге домалатпақ болған серіктестік «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының 4-ші бағыты бойынша мемлекеттік қолдауға ие болды. Сөйтіп кәсіпорын директордың орынбасары Павел Ельцов Германияда бизнес-машықтанудан өту мүмкіндігіне ие болды.

Павел Ельцов, «ViZaVi Company» ЖШС директорының орынбасары:
– «Іскерлік байланыстар» жобасы 2 кезеңде жүзеге
асырылады. Алғашқысында Астанада өткен бизнес-тренингтерге қатысып, күндіз және сырттай оқыдық. Осы кезеңнен іріктеліп алынған 20-ға жуық азамат Германияға жіберілді. Онда қосымша қондырғыларды қарастырдым, шағын кондитерлік цехтардың жұмысымен танысып, біраз тәжірибе жидым.  

Өңірімізде 2011 жылдан «Іскерлік байланыстар» жобасы жүзеге асып келеді. Осы уақытта 4 солтүстікқазақстандық шетелде оқып келді.

 Гүлмира Жақыпова,  «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» облыстық филиалының бас менеджері:
-“Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының 4-бағытындағы жобалардың бірі «Іскерлік байланыстар» деп аталады. Ол кәсіпкерлік мүмкіндікті арттыруға, өндіріс орнын жаңғыртуға бағытталған.  

Ағымдағы жылы 44 жерлес кәсіпкер «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасының «Іскерлік байланыстар» жобасына қатысуға ниет танытыпты.

 Айдана Демесінова