Спорт

Аударыспақтан – қола жүлде

 

 

Ержан Әскеров ұлттық спорт түрлерінен өткен ел деңгейіндегі жарысқа алғаш рет шығыпты. Жалпы Павлодар қаласы 10 өңірдің мықтыларын жиды. Аударыспақ ойынында күшін сынаған Ержанға 5 минут алысып, қарсыласты аттың үстінен түсіріп тастау керек болды. Нәтижесінде аттың құлағында ойнай білген жерлесіміз үздік үштікті тұйықтады. Дүбірлі додада енді бір жерлесіміз Нұрлан Сапаров та спорт шеберіне үміткер талаптарын мүлтіксіз орындап қайтты. Осылайша қос мықтыны жарысқа үкілеген Есенгелді Құспековтың еңбегі ақталды. Талдықорған қаласында Елбасының жүлдесі тігілген бәйгеде де өңір спортшылары қарап қалмады. Светлана Крылова мен “Прогресс” атты тұлпар  9 шақырымға шапты. Аламан жарысты сәйгүлік пен шабандоз 6-шы болып аяқтап, спорт шеберіне үміткерлігін дәлелдеді.

Светлана Крылова, Ұлттық спорт түрлерінен спорт шеберіне үміткер
-Мен жастайымнан аттың үстінде жүрген қызбын. Бұл спортқа ден қойғаныма 4 жыл болды. Үйірме бар дегенді естіп бірден әуестеніп кеттім. Келесі жарысқа дұрысырақ сайланып барамыз.  

Болашақта ат спорты мектебінде көкпар үйірмесі ашылатын болады.

Жеңіс Ермұқанов