Аптадағы маңызды жаңалықтар

Әскери институт курсанттары ант қабылдады



 

Оқтай түзу сапқа тізілген азаматтар үшін бүгін айтулы күн. Өйткені бұл күні 140 жас жауынгер өзіне жүктелген міндеттерді бұлжытпай орындап, отанға, туған елге адал болуға серт берді. Ант қабылдау рәсімінен кейін әскери өмірге қадам басқан курсанттарды облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов құттықтады.

Фархад Қуанғанов, СҚО әкімінің орынбасары:
– Құрметті курсанттар мен офицерлер, қадірлі қонақтар! СҚО әкімі Серік Сұлтанғазыұлы Біләловтың атынан бүгінгі ант қабылдау салтанатымен шын жүректен құттықтаймын. Әскери ант қабылдау әр сарбаздың өміріндегі ең маңызды және ерекше күн. Отанымыз ҚР игілігі жолында жетістіктер тілеймін.

Бүгінгі күннен бұл азаматтар жаңа сатыға көтеріліп қана қоймай, енді олардың мойнына Отанымызды абыроймен қорғау сияқты басқа да үлкен жауапкершілік артылмақ. Жас жауынгерлердің көбі әскери болуды бала кезінен армандаған екен. Солардың бірі әкесінің жолын қуып осы бағытты таңдаған Мағжан Рұсқұлов.

Мағжан Рұсқұлов, ҚР ІІМ ІӘ ӘИ 1-курс курсанты:
– Қазақстан қазіргі уақытта бейбітшілікте өмір сүруде, ата-бабамыз осы уақытқа дейін қорғап келген үлкен жерімізді аман сақтау үшін халқыма адал қызмет етемін. Отанымды қорғау үшін келіп отырмын әскери институтқа.  

Балаларының қуанышына ортақтасуға келген ата-ананың да қатары қалың болды. Мейрамгүл Табынова да үлкен ұлы Қанатты қолдау үшін Ақтөбеден келіпті.

Мейрамгүл Табынова:
Өте қуаныштымын. Кішкентай кезінен өзі армандады. Арманына жетті деп ойлаймын. Келешекте өз оқуын бітіріп, ҚР үлкен азаматы болсын деймін.

Жиылғандар әдеттегідей әскерилердің өнерлерін тамашалады.

Айдана Демесінова