Бизнес және экономика

“Казмясопродукт” ЖШС “Алтын сапа” республикалық байқауына қатыспақшы

 

 

Осыдан 7 жыл бұрын “Казмясопродукт” ЖШС  күніне 200 келі ғана ет өндірген екен. Қазір кәсіпорын қуаты артып, күніне  2-3 тоннасын әзірлейді. Өйткені сұраныс артқан. Оған сапа да сәйкес жоғары болуы шарт дейді кәсіпорын қызметкерлері. Цехтағы сапалы өнім озық техниканың көмегімен жасалады. Елена Швецова шұжықтарды қалыптаумен 11 жыл айналысады екен. Маманға шетелдік машина – шприцтің жұмысты тез атқаратыны ұнайды.

Елена Швецова, шұжық өнімдерін қалыптаушы:

– Жаңа қондырғы келісімен жұмыс істеу жеңілдеді. Қондырғы автоматтандырылған, тек бағдарламасын енгізсең болғаны.

Сондай-ақ, кәсіпорын өткен жылы вакуумды орау машинасын да сатып алыпты. Мұнда шұжық өнімдері салынған орамадан ауа сығылады да, келесі машинаның ішінде ыстық будың әсеріне ұшырап, тығыздалып шығады.

Юлия Гончарова, зертхана меңгерушісі:

– Вакуумды орама өнімнің сақталу мерзімін ұзартады. Сондай-ақ, тауар тұтынушыға таза күйінде жетеді. Бұл шұжықтарды микробиологиялық жағынан қорғайды.

Кәсіпорын енді “Алтын сапа” республикалық байқауына қатысып, үздік екендерін дәлелдегісі келеді.

Салтанат Орынбекова, технолог:

– “Алтын сапа” республикалық байқауында жеңіске жету біз үшін мол мүмкіндікке жол ашар еді. Бұл конкурсқа осымен үшінші рет қатысудамыз. Барлық құжаттар тапсырылды. Жүлделі орын бізге де бұйырады деген үміттеміз.

“Казмясопродукт” ЖШС шығарылатын өнім көлемін келешекте 700 тоннадан асырмақшы.

Данаш Хамзина