Білім

Петропавлдық оқушылар «КОМПЬЮТЕРИЯ» лагерінен оралды

 

 

Ақпараттық технологиялар лагеріне 16 елдің өкілдері жиылған. 1 апта ішінде Қытай елінің балалары ең тәртіпті деп танылыпты. Ал ең шулы және көңілді команда атағы – ливандықтарға бұйырған. Лагерьге Қазақстаннан тек петропавлдық балалар барған екен. Олардың демалыстан алған әсерлері ерекше.

  Валерия Каранда, БЭСТ гимназиясының оқушысы:
– Біз лагерьде бір сәтті де босқа өткізбедік деуге болады.
Ғаламторды меңгеруге ерекше көңіл бөлінді. Онлайн-форумдар ұйымдастырылды. Маған өте ұнады.

Карина Мударисова, №1 орта мектеп оқушысы:
Біз би биледік, ән айттық, түрлі шараларға қатыстық. Басқа елдердің балаларымен сөйлесіп, сөздік қорымызды байыттық. Мұндай лагерьге алғаш рет бардым.  

Ал БЭСТ гимназиясының 10 сынып оқушысы Евгений Берцович мұндай жиындарды қалт жібермейді.Түрлі елдерде ұйымдастырылған жарыстар мен іс-шараларға қуана барамын дейді ол. Бұл бір жағынан ағылшын тілін еркін меңгеруге септессе, екіншіден жаңа достар табу мүмкіндігі.

Евгений Берцович, БЭСТ гимназиясының 10 сынып оқушысы:
Бұл жолы ақпараттық технологияларды игеруге көп көңіл бөлінді. Өзіміз видеороликтер түсірдік. Эстония, Германия, Франция және Нигериядан достар таптым.  

Лагерьге барған балалардың бәрі № 17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің қосымша сыныптарында оқиды екен. Сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер клубының мүшелері.

Юрий Кузнецов, № 17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің қосымша білім беру педагогы:
Лагерьде балалар негізінен ағылшын және орыс тілдерінде қарым-қатынас жасады. Әр күннің өз тақырыбы мен ұраны болды. Соған сәйкес қызықты тренингтер ұйымдастырылды.  

Аталмыш фестиваль дәстүрлі түрде ұйымдастырылмақ. Сондықтан өзге де балалардың оған қатысу мүмкіндігі бар.

Инеш Шоқақова