Құқық қорғау органдары

Пәтер тонаушы қолға түсті

 

 

Полицияға Петропавл қаласының бірнеше тұрғыны арызданып, пәтерлеріне ұры түскенін хабарлады. Олар көбіне алтын бұйымдар, ақша және бағалы тондарын жоғаотқан. Жәбірленушілердің бәрі қаланың әр түрлі аудандарында тұрады, олардың пәтерлері кілт таңдау арқылы тоналған. Сонымен қатар ұрлықтардың бәрі де таңертеннен түске дейін, үй иелері жұмыста жүргенде жасалған. Криминалдық полицияның із кесушілері жедел іздестіру шаралары барысында баукеспелікпен айналысты деген күдікпен 32 жастағы ер адамды құрықтады.Сезіктіден құлыптарды ашуға арнайы жасалған қайқы кілттер, алтын бұйымдарды ломбардтарға өткізді деген кепіл құжаттар тәркіленді. Күдікті бұған дейін осындай қылмыстары үшін 4 рет сотталып, 8 жылдан астам темір тордың ар жағында отырған көрінеді. Тергеу шараларын жүргізу барысында күдіктінің бес бірдей пәтер ұрлығына қатысы бары анықталды. Қазіргі кезде ол Петропавл қалалық ІІБ-ның уақытша ұстау абақтысына жабылды. Пәтер тонау фактілері бойынша ҚР ҚК 175-бабының 2-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.

Гүлбану Ахметова