Бизнес және экономика

«Serpack» ЖШС өндіріс көлемін ұлғайтпақ



 

Түркиялық құрылғының көмегімен түйіршіктер полиэтиленге айналады. Гранулалар негізінен Томск, Қазан қалаларынан жеткізілуде. Шамамен 70 келі түйіршіктерден 2 жарым орама шығады екен. Ең төменгі температура – 150 градус. Андрей Клоков бұл құрылғының мәнісін біледі. Ол өндіріс ашылған уақыттан бастап жұмысқа кіріскен екен. Негізінен жұмысшылар 3 ауысымда еңбектенеді. Өйткені өндіріс тоқтаусыз жүргізілуде.

Андрей Клоков, «Serpack» ЖШС жұмысшысы:
– 1 рулонды жасауға 45 минуттай уақыт жұмсалады. Бірақ құрылғының жылдамдығын реттеуге болады. Температурасы да шикізатқа байланысты өзгертіледі.

Бұдан соң орамаларға логотип жапсырылады. «Serpack» ЖШС-нің алғашқы және тұрақты тапсырыс берушілері – «Сұлтан-элеватор-диірмен-макарон кешені» АҚ. 1 орама полиэтиленді бұл фирманың логотипімен бояу үшін 20 минут жұмсалатын көрінеді. Мұнда тәулігіне 2 тонна пакет шығарылады. Осыдан 2 жыл бұрын құрылған серіктестік жұмыс өнімділігі, жылдамдығы мен сапасын арттыру үшін жаңа желі сатып алмақ.

Николай Ефремов, «Serpack» ЖШС директоры:
– «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 70 млн теңге несие алмақпыз.
Несие 4 жылға беріледі. Және оны 6 айдан соң төлей бастаймыз. Сондай-ақ жаңа құрылғылар алуға өзімізден 33 млн теңге қаражат жұмсамақпыз.

Қазіргі таңда серіктестікте 18 адам жұмыс істейді. Жаңа желі іске қосылысымен жұмысшылар саны да арта түспек.

Инеш Шоқақова