Бизнес және экономика

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасының Қызылжар ауданында жүзеге асырылуы

 

 

Жаңа оқу жылының басында «Парасат» мектеп-лицейі үш бірдей жас маманмен толығыпты. Биылғы жылы оқу орнына жұмысқа тұрған Думан Закириннің бір жылдан артық еңбек өтілі бар. 2009 жылы СҚМУ-дің тарих және заң факультетін тарихшы мамандығы бойынша тәмәмдаған ол осыған дейін Петропавлдағы №20 орта мектепте жұмыс істепті. «Дипломмен- ауылға» бағдарламасының жастар үшін берері мол дейді жас маман.

 Думан Закирин, «Парасат» мектеп-лицейінің тарих мұғалімі:
-Бұл менің ойымша өте жақсы жасалған саясаттың арқасында Елбасымыздың. Жастарға көптеген көмек жасалып жатыр. Жуырда міне Елбасымыздың интеллектуалдық дәрісі өтті.
Онда да көптеген бағдарламалар, жас мамандарға қандай талап қойылады, сол туралы айтылып жатыр. Көтермеақы беріп жатыр. Соған байланысты осы Бескөл ауылында екі бөлмелі пәтер алдым.

Бағдарламаның артықшылықтары мен зор мүмкіндіктерін көріп жүргендердің бірі – Татьяна Новичкова. Бескөл орта мектеп- гимназиясында 5-9 сынып оқушыларына математика пәнінен сабақ беретін мұғалім бір кездері осы мектепте білім алыпты.

Татьяна Новичкова, Бескөл орта мектеп- гимназиясының математика пәні мұғалімі:
Мұғалімдік қызмет – бұрыннан арманым болатын. Мен балалармен жұмыс істегенді ұнатамын. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша көтермеақы мен пәтерге ие болдым. Енді өзімнің балаларымның болашағына еш алаңдамаймын.

Жалпы Қызылжар ауданына «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша үш жыл ішінде 56 жас мұғалім келіпті.

 Айгүл Кемелова, Қызылжар аудандық білім бөлімінің маманы:
– 24 маман пәтер алу үшін үстемақысыз несиеге ие болды. Бұл шамамен алғанда 2 млн теңгені құрайды. Бүгінгі таңда аудандағы барлық мектептер қажетті мамандармен толыққан.

Қызылжар ауданы бойынша 48 мектеп бар. Онда биылғы жылы 5 мыңнан астам оқушы білім алып шықпақ.

Әспет Әбдірешова