ТЖ

Құтқарушылар аттестациядан өтуде

 

 

 

Жыл басынан өңір құтқарушылары 12 адамды өлім аузынан аман алып шығыпты. Сондай-ақ, өрт сөндірушілер отқа оранған нысандарда 900 млн. теңгенің материалдық құндылықтарын сақтап қалған. Құтқарушыларға есік қақпай келетін төтенше жағдайды ауыздықтауда қашан да қырағылық аса қажет. Кезектен тыс мемлекеттік сынақта өрт сақшылары жауапты қызметтерінде жүктелген міндетті абыройлы атқаруға лайықты екендерін дәлелдеуге тырысып бағуда.

Мұхит Серіков, №2 мамандандырылған өртке қарсы күрес бөлімінің құтқарушысы:
– Өрт сөндіру қызметінде жүргеніме 3,5 жыл болды. Сондықтан аттестациядан өту аса қиындық тудырып жатқан жоқ. Күнделікті жұмысымыз.
Кез-келген жағдайға қашан да дайынбыз.  

Жанат Теңізбаев та мамандығының қыр-сырын жетік білетінін танытып жатқандардың қатарында. Жамбыл аудандық өрт сөндіру бөлімшесінің қызметкері әзірге берілген жаттығуларды жақсы деген бағаға тапсырып жатыр.

Жанат Теңізбаев, №11 өртке қарсы күрес бөлімшесінің құтқарушысы:
Біз өлім мен өмірдің арасында жүреміз. Сондықтан әрдайым жаттығып тұрамыз. Жуырда өткен облыстық жарысқа да қатыстық. Нәтижем жаман болады деп ойламаймын.  

Жалпы облыстық аттестаттау комиссиясының көз алдында төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамындағы 796 маманның кәсібилігі сарапқа салынуда.

 Серік Дүйсенбеков, СҚО ТЖД бөлім бастығы:
-Алдымен психологиялық сынақ тапсырылды. Қазір техникалық дайындықтарын тексеріп жатырмыз. Бұл
кезеңде қызметшілердің білек күші мен шыдамдылығы, шапшаңдылықтары 5 тапсырманы орындауда көрінеді. 4 қабатты нысанға сатымен жылдам көтерілуден мүдірмей өтті. Қазір тартылу, түрлі қашықтықтарға жүгіру мен денені жерден көтеру сындары бағындырылуда.

Енді құтқарушылардың ҚР заңнамаларын қаншалықты білетіндіктерін тексеру қалды. Ал қызметіне сәйкестігі жөнінен жоғарғы және орталық аттестаттау комиссиясынан лауазымы жоғары 22 адам өткен. Басшылық құрамын сынаудың қорытындысы бойынша 1-і ғана сынақтан сүрініп, құтқарушылар қатарынан шығып қалыпты.

Жеңіс Ермұқанов