Қоғам

Қазанның 24-не дейін барлық діни бірлестіктер қайта тіркеуден өтуі тиіс

 

 

 

“Діни қызмет және діни бірлестіктер” туралы жаңа заңның қабылдануына байланысты өңіріміздегі мешіттер қайта тіркеуге тұрып жатыр. Облыс бойынша 62 діни мекеме осындай үрдістен өтуі тиіс. Бүгінгі күнге дейін оның 47-сі бұл шаруаны тындырған. Тағы алтауы тиісті мекемеге құжаттарын тапсыруға әзір. “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Қасымхан қажы Исаев облыстағы мешіттердің қайта тіркеуден белгіленген уақытқа дейін өтетініне үлкен сенім артып отыр. Бастысы тиісті құжаттарды жию дейді.

Қасымхан Абдоллаұлы,  ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкіл имамы,“Қызыл жар” орталық мешітінің бас имамы:
Жалпы тіркеуге байланысты ҚМДБ-ның төрағалығында қаралған жарғысы, оның ережесі және де оның қазақша, орысша үлгілері тіркеуге берілетін сенім хаттар және де тіркеуге берілетін шешімі, мешітке қатысты ғимарат, жері осы құжаттар толық болуы шарт.

Бұл жаңашылдық діни бірлестіктердің мәртебесін анықтауды көздеп отыр. Заңға сәйкес жергілікті бірлестікті кемінде 50 адам құра алады. Өңірлік діни ұйымды құруға кем дегенде 500, ал республикалық бірлестікті тіркеу үшін 5000 азамат ниет танытуы шарт. Бар құжатты жиып болғаннан кейін діни бірлестіктер халыққа қызмет көрсету орталығына өтініш жазады

Әбу-Бәкір Кәрменов, СҚО дін істері жөніндегі департаменті директорының міндетін атқарушы:
3 күннің ішінде әділет департаменті шешім қабылдайды. 3 күннің ішінде олар барлық құжаттарды Дін істері департаментіне тапсырады. Дін істері департаменті дінтану сараптамасын жасайды. Жарғысына, діни әдебиеттеріне, барлығын қарап шешім қабылдайды. Шешімі оң болса, олар қайта тіркеуден өтеді.

Діни бірлестіктерді қайта тіркеу  24 қазанға дейін аяқталуы тиіс. Бұл мерзімге дейін үлгермегендердің қызметі сот шешімімен тоқтатылмақ.

Айдана Демесінова