ТЖ

Петропавлда тағы да газ жарылды

 

 

Любовь Федяева түске таман орамнан шыққанда сұмдық көрініске тап болды. Көршісінің үйінен қызыл жалынды көріп бірден өрт сөндірушілерге хабарлаған.

 Любовь Федяева:

-Алдымен үйдің іші отқа оранғанын байқадым. Көп ұзамай қатты жарылыс болды. Толқынның күштілігі соншалық, бір мезетте барлық әйнектер шағылып қалды. Осы сәтте жақын маңдағы көршілер үйлерінен атып шықты. Бірақ жақындауға қорықтық. Құтқарушыларды шақырудан басқа қолдан ештеңе келмейтінін бірден түсіндік.  

Төтенше жағдай орын алғанда үйде қонақ, зейнет жасындағы баспана иесі мен немересі болыпты. Абырой болғанда жапа шеккендер жоқ.

Светлана Чертишева:

  Танысыма газ баллонын қосып беруін сұрадым. Жалғап жатқанда жанып кетті. Немеремді алып сыртқа жүгіріп шықтық.  

Светлана Чертишева 3 баланың жалғыз басты анасы. Үлкен қызының 4 жасар баласы да бірге тұрады екен. Енді тұрғын үйдің сау тамтығы қалған жоқ. Тілсіз жау қас-қағым сәтте пәтерді жалмап кетті. Өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауынан тұрмыс қауқары төмен отбасының паналайтын жерлері жоқ екен. Баспана екі иеге арналып салынған . Іргелес пәтер иелері де біраз шығынға ұшырады.

 Серік Наурызбаев, № 4 өртке қарсы күрес бөлімшесінің жедел кезекшісі:
– Өртті жарты сағаттың ішінде толығымен ауыздықтадық. Екінші пәтердің шатыры жанып кетті. Оттың өзге үйлерге көшуіне жол бермедік. Үйден тағы бір газ баллонын шығарып үлгердік. 4 арнайы өрт сөндіру көлігімен 12 құтқарушы жұмылдырылды.
Нақты себептері әлі анықталатын болады.  

Жыл басынан өңірімізде осымен 16-шы рет газ баллоны  жарылды.

Жеңіс Ермұқанов