Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда екі күн су болмайды

 

 

 

Облыс орталығында қыркүйектің жетісінен сегізіне қараған түні су екі күнге тоқтатылады. Бұл уақытта су құбырларының істен шыққан тұстары жөнделіп, толық тексерістен өтеді. Құбырлардың іші жуылады.

Сергей Визеров, «Петропавл су» АҚ бас инженері:
– Суды тоқтатқан кезде «Петропавл су» кәсіпорны алдын-алу жұмыстарын, яғни дезинфекциялау жүргізеді. Егер осы күндері тосыннан су ағып жатса, дұрысы оны қолданбау керек.

Жалпы суды жыл сайын тамыз айының соңы мен қыркүйектің басында жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін бір рет тоқтатып отырады. Уақытша ыңғайсыздық туғанымен, бұл алдағы уақытта кездесуі мүмкін олқылықтардың алдын алуда маңызды. Бүгінде қаладағы болаттан жасалған ескі темір құбырлардың 30 пайызы   жаңа полиэтилен құбырларға ауыстырылған. Жүйені жаңарту біртіндеп жүруде. Бұл жоспар толық орындалса, мамандар шамамен бес жылдан кейін суды тоқтатудың қажеттілігі болмауы мүмкін дейді.

Сергей Визеров, «Петропавл су» АҚ бас инженері:
– Сонымен қатар алдын алу жұмыстарын жүргізу кезінде темір арқауларды, су таратқыштардың тиектерін жөндеу де жоспарланған. «Петропавл су» АҚ бұл күндері толық режимде жұмыс істейтін болады. Оған 300-ге жуық жұмысшы мен қажетті техника тартылған.  

Маңызды әлеуметтік нысандар: ауруханалар, интернаттар мен балабақшалар сумен қамтамасыз етілетін болады. Арнайы су жеткізілетін мекемелердің саны шамамен алғанда 200-ден астам. Су жүйесі 9 қыркүйек күні түн жарымында қайта іске қосылады. «Петропавл су» АҚ мамандары тұрғындардың суды қажетті мөлшерде ертерек алып алуларын сұрайды.

Әспет Әбдірешова