Ауыл шаруашылығы

Омбы қаласынан келген делегация өкілдері Тайынша ауданына барды

 

 

“Тайынша-Астық” ЖШС-де 3 мыңнан астам етті және сүтті ірі қара бар. Агроқұрылым қысқа жем-шөптің мол қорын жинап алған. Омбы өкілдерін серіктестіктің құрғақшылық бола тұра мұндай жүгері, күнбағыс және шөптен берекелі өнім жинап алуы қызықтырды. Кәсіпорын директоры Анатолий Рафальский молшылықтың сыры – жоғары сұрыпты тұқым мен жер суарудың америкалық жүйесінде деді. Шаруашылықта жоғары өнімді ірі қараны дамытуға ден қойылған. Табынды жаңарту үшін шетелден герефорд және абердино-ангус тұқымының бірнеше малы жеткізіліпті. Сондай-ақ, омбылықтарға мың басқа шақталған заманауи сүт кешені көрсетілді. Мұнда сүт өндіруде соңғы технологиялар қолданылуда.

Виталий Эрлих, Омбы облысының ауыл шаруашылық министрі:

– Ясная Поляна мен Қарақоға ауылында болып, жақсы әсер алдық. Бізді сіздердегі мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау қызықтырды.

Сондай-ақ, тайыншалықтар ресейлік қонақтардың назарына   өздерінің ауыл шаруашылық өнімдерін ұсынды. Мәдениет үйінде өткен көрмеге түрлі ет және сүт өнімдері қойылған.

Анатолий Рафальский, «Тайынша Астық» ЖШС директоры: Бізде жұмыс әрқашан бар. Ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуға көңіл бөлеміз. Мектеп, балабақша, мәдениет үйі, дүкен, дәмхана мен моншаның көбеюіне септесеміз. Бізде жастар заманауи техниканы игеруде. Жұмысшылардың жалақысы да жақсы.

Ясная Поляна ауылында делегация өкілдері жергілікті мұражайда болып, елді мекеннің тарихымен танысты. Әсіресе, ашық аспан астында құрылған ескі техникалардың көрмесі қонақтардың қызығушылығын тудырды. Мысалға, жүк автомашинасы 1936 жылы шығарылан, тың игеру уақытының нышаны – ДТ тракторы 1956 жылы жасалған. Дегенмен, қайта құрастырылған техниканың әлі де жұмыс істеуге қауқары бар.

Материалды «Қазақстан-Петропавл» арнасының тілшілері әзірледі