Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс орталығында этносаясат мәселелеріне арналған семинар жалғасуда

 

 

 

«Қазақстандағы мемлекеттік этносаясатты жүзеге асыру және этноконфессиялық қатынастарды реттеу». Семинардың аты айтып тұрғандай, Солтүстік Қазақстан  және Қостанай облысының өкілдері ұлтаралық қатынастар төңірегінде ой өрбітті. Қазіргі таңда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының құрамына 117 этно-мәдени бірлестік енген. Оның 95-і  аудандарда.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың саясатының арқасында Қазақстанда сенім мен тұрақтылықтың ерекше үлгісі қалыптасты. Біздің өңірімізде этно-мәдени бірлестіктер белсенді жұмыс атқаруда. Олар облыстың қоғамдық-саяси өмірінде лайықты орынға ие.

Сондай-ақ 2007 жылдан бері облыстық ассамблеяның корпоративтік қоры да жұмыс істеуде. Моңғолия, Қытай, Түркия, ТМД және Еуропа елдерінде тұрып жатқан қандастарымызбен тығыз қарым-қатынас орнаған. Бұл этносаралық саясаттың оңтайлы жүргізілуінің арқасы болса керек. Еліміздің бірқатар қалаларында ұйымдастырылған   семинар-тренингтің де берері мол.

Ералы Тоғжанов, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары:
– Негізгі мақсат – Президент тапсырмасының орындалуын орталықтан қадағалау. Оның орындалу жолдары – бұл екінші сұрақ. Осы төңіректе арнайы дәрістер дайындалған.

Дегенмен азаматтардың тек этно-мәдениет төңірегінде ғана емес, білім, ішкі саясат, жалпы мемлекеттік органдарда қызмет етуі де маңызды дейді Ералы Тоғжанов.

Ералы Тоғжанов, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары:
– 19-шы сессияда жергілікті жерлердегі мемлекеттік қызметкерлермен, мемлекеттік органдармен этносаясатқа байланысты тығыз қарым-қатынас орнату туралы айтылған болатын. Соның бір жолы – Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік жанынан құрылған орталықтың айналасында біраз сөз қозғалды.

Жиынға қатысқан Қостанай облысы Алтынсарин ауданының бас имамы Азамат қажы Мұрзақан соңғы жылдары этносаралық келісім мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде дейді. Бұл тұста дін саласының рөлі ерекше.

Азамат қажы Мұрзақан, «Алдиярұлы Жанұзақ» атындағы мешіттің бас имамы, Қостанай облысы:

-Рудный және Жетіқара қалаларында 5 жылдың ішінде әрқайсысында 1 мешіт пен 1 шіркеу салынды. Бұл еліміздің ұлт-ұлтқа бөлінбей, дін-дінге бөлінбей жалпы конфессияаралық қарым-қатынасының орнағандығын білдіреді.

Жиын барысында қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған міндеттер қарастырылып, этностық әралуандылықты басқару саласындағы саясатты іске асыру жөнінде құнды ұсынымдар жасалды.

Инеш Шоқақова