Ауыл шаруашылығы

Малға вакцина егілуде



 

Зейнеткер Римма Ткачева  Рябина деп аталатын сиырын дәрігердің алдына жетектеп әкелді. Ине салатынын түсінді ме – мүйізді жануар бірден ырыққа көне қойған жоқ.
Ақыры сарып ауруын анықтау мақсатында анализ алынды. Барлық процес жануардың құжатына жазылады. Римма Ткачева бұл үрдістің тек сиырға ғана емес, өздері үшін де өте маңызды екенін жақсы түсінеді.

 Римма Ткачева, қала тұрғыны:

– Бұл сиыр – біздің асыраушымыз. Күніне 13-14 литр сүт береді. Немерелерім сүтті ұнатып ішеді әрі ақты сатамын. Сол себепті, мал таза болуы қажет.

Мамандар  алдын алу шараларын жылына екі рет жүргізеді екен. Биылға бөлінген 481 мың теңге толығымен игеріліп, қаладағы малдардың барлығы қамтылған.

Ирина Гуськова, ветеринарлық дәрігер:

– Туберкулез, сарып, лейкоз бен лептоспирозға қан алдық. Сосын түрлі ауруларға қарса, соның ішінде Сібір жарасы мен құтырмаға екпе бердік.

Бүгінде қалада 500 бас ірі қара, 450 қой, 350 шошқа мен 100 жылқы бар екен. Олардың  саулығы жаңадан құрылған ветеринарлық станса мамандарының қарауында.

  Ибраим Көрпенов, қалалық ветеринарлық станса директоры:

– Арам өлген малдарды Шаховское қатты қалдықтар полигонындағы пеште жағып жібереміз.

Енді, ветеринарлар екі апта ішінде жылқыларға нөмір баспақшы. Жалпы, мал ауруларын анықтау, алдын алу шаралары облыс көлемінде жүріп жатыр.

Данаш Хамзина