Бизнес және экономика

Солтүстік Қазақстан және Омбы облыстары арасында ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы келісімдер жасалды



 

Өңіріміздің Ресей елімен тауар айналымы 343 млн АҚШ долларын құрайды. Бұл облыстың барлық сыртқы тауар айналымының жартысынан артық. Сондай-ақ экспорт 1,5 есеге өсіпті. Бүгінгі кездесу осының жалғасы болмақ деді Серік Біләлов.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Екі өңір арасындағы әріптестікті нығайту үшін кәсіпкерлер тығыз байланыста болулары тиіс. Бұған біздің тарапымыздан барынша қолдау көрсетілуде. Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің құрылуы да зор мүмкіндік деп ойлаймын.  

Омбылықтармен сауда, өнеркәсіп, туризм, білім беру және денсаулық сақтау салалары бойынша тығыз қарым-қатынас орнаған. Электр оқшаулағыш материалдар, мұнай-химия құрылғылары және ауыл шауаршылығы техникасын жеткізу де оң жолға қойылуда.

Виктор Назаров, РФ Омбы облысының губернаторы:
Омбы мен Петропавл қалаларының арақашықтығы 300 шақырым шамасында. Солтүстік өңірмен түрлі салада әріптестік орнаған. Бүгін де біздің делегация құрамында 60 -тан астам адам келді.

Ресейліктерді аймақтағы түрлі салалардың дамуы жөнінен облыс әкімінің бірінші орынбасары хабардар етті.

Айдарбек Сапаров, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
Облысымызда ауыл шауаршылығы өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын 232 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішінде астық өңдеуге 67, ет өңдеу саласына 13 пайызы келеді. Соңғы жылдары шығарылатын азық-түлік өнімдерінің түрі кеңейтілуде.

Сондай-ақ жиында екі жақ арасындағы бірқатар келісімдерге қол қойылды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Бізге құрылыс материалдарын жасау мен ауыл шаруашылығы саласы ерекше қызықтырады. Өзара тәжірибе алмасу қажет. Сондай-ақ екі өңірдің де табиғаты бай. Сондықтан туризм саласын дамытуға ден қоямыз.

Виктор Назаров, Омбы облысының губернаторы:
Бүгін біз бірқатар нысандарды араладық. Әріптестік орнататын салаларды байқадық деуге де болады. Кәсіпкерлеріміз белсенділік танытып отыр.

Өңір жетекшісі омбылық инвесторларды солтүстікқазақстандық жобаларға қатысуды жалғастыруға шақырды.

Инеш Шоқақова