Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірімізге жұмыс сапарымен Омбы облысының губернаторы бастаған делегация келді

 

 

 

Шекаралық әріптестікті нығайтуға келген іскерлік делегацияны Булаев бекетінен облыс әкімі Серік Біләлов күтіп алды. Киелі домбыраның әсем сазымен өңірімізге аяқ басқан меймандарға қонақжай халқымыздың дәстүріне сай нан ауыз тигізіп, шашу шашылды. Омбы облысының губернаторы Виктор Назаров бастап келген топтың басым көпшілігі агроқұрылымдар жетекшілері. Содан болар ресейлік қонақтар сапарын өңіріміздің мал шаруашылығы    саласымен танысудан бастады. Ірі қараны асылдандыруды қолға алған “Нұрсен агро” серіктестігі – қонақтар ат басын тіреген алғашқы шаруашылық. Мал кешеніндегі 6 қорада симменталь тұқымды 431 бас тайынша бағылып-күтіледі. Германдық сиырлар биыл 395 төл беріпті. Бұзаулар тәулігіне орта есеппен 700 граммнан салмақ қосады екен. Қонақтарды қызықтырғаны жоғары өнімді зеңгі баба төлдері сүтті және етті бағытта өсіріледі. Сиырлардың әрбірінен жылына 4,8 мың литрге дейін сүт сауылады.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Биыл төлдеген асыл тұқымды бұзауларды келесі жылы өзге шаруашылықтарға сатады. Тайыншалар тез бейімделгіш. Ерекше күтімді талап етпейді. Шаруашылық 2 мыңнан астам Га мал азығын септі. Асыл тұқымды мал басын арттыруда мемлекеттің қолдауы күшті.

Жалпы өңірімізде өткен 9 айда 43 мың тонна ірі қара еті мен 300 мың тоннаға жуық сүт өндіріліпті. Кейін өңір жетекшісі омбылық делегация мүшелерін “Петропавл бройлер фабрикасының” бүгінгі күйімен жіті таныстырды. Кәсіпорын 2008 жылдан етті тауықтарды өсіру және өткізумен айналысады. 50 адамды тұрақты табыс көзімен қамтыған құс фермасы жылына тірі салмақпен 1,5 мың тонна ет өндіреді. 6 цехтағы жұмыс толықтай автоматтандырылған. Қонақтарды негізінен сұраныс пен жем-шөп базасы қызықтырды. Өңіріміздің жылдық жоспары 400 млн дана тауық жұмыртқасын шығару. Бұдан соң шекаралас облыстың өкілдері  Петропавл ауыр машина жасау зауытына бас сұқты. Жарты ғасырдан артық тарихы бар өндіріс ошағының өткенінен сыр шертер мұражайда зауыт жұмысшылары жасап шығарған бұйымдардың шағын макеттері қойылған.   Меймандар  зауыт цехтарын аралап, өндіріспен танысты. Бүгінде зауыт облысымызда тұрақты әрі белсенді дамып келетін кәсіпорындардың қатарында. Зауыт темір жолға қажетті тапсырыстарды орындаумен қатар, соңғы уақытта энергетика, мұнай кешендеріне қажетті қондырғылар жинауды қолға алыпты. Елімізде арнайы техника шығаратын жалғыз нысан. Мұнда өндірілетін өнім отандық нарықта зор сұранысқа ие. Биыл ғана 7 млрд. теңгенің тапсырысын орындауға келісімдер жасалып қойылыпты.

Жеңіс Ермұқанов