Бизнес және экономика

Омбы және Солтүстік Қазақстан облыстарының кәсіпкерлері кездесті

 

 

2011 жылы Ресей мен СҚО арасындағы тауар айналымы 660 млн. АҚШ долларын құраса, үстіміздегі жылдың алғашқы 6 айында бұл көрсеткіш 343 млн. АҚШ долларына жетіп отыр. Биыл көрші елге 24 млн. теңгенің өнімі шығарылған. Бұл негізінен ет, сүт және жеміс-жидек, көкөніс өнімдері. Темір, электр оқшаулау материалдары да бар. Ал Ресейден облысқа жылу-энергетикалық, химиялық өнеркәсіп өнімдері импортталуда. Дөңгелек үстел басына жиналған екі елдің кәсіпкерлері осыған дейін орнаған әріптестік байланыстарды одан әрі дамыту жайын сөз етті. Мысалы, Петропавл ауыр машина жасау зауыты “Омбы мотор құрастыру констуркторлық бюросы” ашық акционерлік қоғамымен былтырдан қоян-қолтық жұмыс істеп келеді екен.

Павел Шакарин, “ПЗТМ” АҚ бөлім маманы:
Біз Омбы қаласының мұнай өндіретін зауытының өкілдерімен келісіп, сол кәсіпорынға қажетті технологияны бере аламыз. Сонымен қатар олар суда бұрғылау машинасына қызығушылық танытып отыр. Бізге де олардан қажетті өнімдерді сатып алуға болады. Осындай кездесулер бұған жол ашады деп ойлаймын.  

Меймандар Қазақстанның солтүстік өңірімен әріптестік тиімді екенін жасырмайды. Сондықтан да жиынға Омбы қаласынан 25 кәсіпорынның өкілі келген. Олар бірлескен жобаларды жүзеге асырғанды құп көріп отыр.

Александр Грезин, Омбы облысының өнеркәсіп және кәсіпкерлерлік аумақтық қауымдастығының президенті:
– Мен өзім Қазақстанда туып өстім. Халықтың қонақжай екенін жақсы білемін. Бізді өте жақсы қарсы алды. Өңірде ауыл шаруашылығы алға басқанына куә болдық. Екі жақ та дағдарыстан күдіктенеміз.
Сол себепті бізге өз өнеркәсібімізді дамытып, тауар айналымын экспорттаған жөн.  

Жиналғандар кездесу барысында көп мәселелердің басын қайырып үлгерді. Атап айтқанда, меймандар екі жақты әріптестікті одан әрі нығайтып, өнімдерін өлкемізге экспорттамақ. Кездесу барысында өнеркәсіп саласындағы өзара әріптестік жөніндегі меморандумға қол қою көзделген.

Гүлбану Ахметова