Білім

«Лорд» лицейінің оқушысы халықаралық білім сайысының жүлдегері атанды

 

 

 

Вадим Усиктің жұлдыздар әлемін зерттеп жүргеніне 4 жыл болыпты. Жас ғалым түнгі аспанды бақылау әуестігінің бекер еместігін халықаралық байқауларда дәлелдеп жүр. 3 жыл қатарымен өз елімізбен қатар Украина, Корея елдерінде оқушылар арасындағы астрономиялық додалардың жүлдесінен құр қайтқан  емес. 11 сынып оқушысы енді Бразилияда өткен студенттер арасындағы байқауда да ерекшелене алды.

Вадим Усик, «Лорд» лицейінің оқушысы:

– Мен ЖОО студенттеріне арналған тапсырмаларды орындадым. Оңтүстік елдердің жұлдыздарын зерттеуде ұмытылмас әсер алдым. Біздің аспанға қарағанда өте ашық, жұлдыздары да анағұрлым көбірек. Ауа райы бақылау жүргізуге өте қолайлы. Бұрын шығармаған есептер кездесті. Дұрыс шешімін табумен қатар өзіміз талдау жасадық.  

Мектеп бағдарламасында болмайтын тапсырмаларды орындауда мүдірмеген жерлесіміз жалпы есепте үздік үштікті тұйықтады. Барлығы олимпиадаға 29 елдің 200-ден астам өкілі қатысыпты. Ел намысын 3 эрудит қорғады.

Константин Рыб, СҚО дарынды балаларға мамандандырылған “Лорд” мектеп-лицейінің директоры:
Вадиммен кешенді түрде дайындалдық. Өйткені онда берілетін тапсырмалар оған жат болды.Шақырту алғасын қысқа уақыттың ішінде теория мен тәжірибені ұғындыру керек болды. Өте алғыр, тез ұғып алады. Еңбегіміз зая кетпей, нәтижесінде студенттерден де асып түскен алғашқы қазақстандық оқушы атанды.

Енді жергілікті жас ғалым мен жетекшісі биылғы күздің соңында Бангладеште өтетін тағы бір халықаралық сынға дайындалу керек.

Жеңіс Ермұқанов