Энергетика

Солтүстікқазақстандық өнертапқыш жарық беретін жаңа құрылғы ойлап тапты



 

Василий Квитканың М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ндегі еңбек өтілі тоғыз жыл. Алғашында студенттерге дәріс оқыған ұстаз бүгінде компьютерлік технология зертханасының меңгерушісі. Оның заманауи қуатты жарықдиодты модульдерді қолдану арқылы жарық беретін құрылғыларды жасап шығару жобасын қолға алғанына екі жыл болыпты. Өнертапқыштың айтуына қарағанда, жарықдиодты шамы электр энергиясын әлдеқайда үнемдейді екен. Мәселен, бүгінде тұрмыста қолданып жүрген электр лампалары 250 ватт кетірсе, жарықдиодты модульдердің көмегімен жасалған шам бар болғаны 25 ватт электр қуатын жұмсайды екен.

Василий Квитка, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ компьютерлік технологиялар зертханасының меңгерушісі:
– Электр энергиясын үнемдеудің жолдарын іздеуді тоқтатқан емеспіз.
Электр тогын аз жұмсайтын қуатты құрылғылар, қозғалтқыштарды пайдалануға тырысамыз. Интернеттен қарап отырып, жарықдиодты лампылардың бар екенін білдік. Мәселен, америкалықтар бұл жарықдиодты лампыларды соңғы алты жылдан бері қолданып келеді.

Бүгінде мұндай жарықдиодты шамдар еліміздің бірқатар аумақтарында шығарылады екен. Дегенмен солтүстікқазақстандық өнертапқыштың жобасында бірегей ерекшеліктер бар көрінеді. Шамды жағу үшін ешқандай электр тоғын өңдегіш құрылғының қажеті жоқ, оны бірден электр желісіне қосуға болады.

 Василий Квитка, М.Қозыбаев атындағы СҚМУкомпьютерлік технологиялар зертханасының меңгерушісі:
– Мына шам несімен жақсы дегенге келер болсақ, оның қолданыс мерзімі 100 мың сағат.
Қарапайым шамның жарамдылығы 2000 сағатқа жетеді. Яғни жарықдиодты шамдар 20-30 есе көбірек жұмыс істейді. Ал электр энергиясын 10 есе аз жұмсайды.  

Өнертабыс республикалық деңгейде мойындалып, патентке ие болған. Жақында бастау алған «Инновациялық форсаж» байқауына қатысуға Василий Квитка да өз жобасын жіберген.

Әспет Әбдірешова