МТРА жаңалықтары

Селекторлық кеңесте жылыту маусымына әзірлік мәселесі қаралды

 

 

Республикада жылыту маусымына дайындық деңгейі жоғары деді өз баяндамасында ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агенттігінің төрағасы. 3085 қазандық дайын. Сондай-ақ тозығы жеткен электр және жылу желілерін жөндеу жұмыстары жалғасуда. Ол жөнінде өңір жетекшілері есеп берді. Біздің облысымызда әлеуметтік нысандарды жылытатын 627 қазандықтың 614-і әзір.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Жылыту маусымына дайындық жоспарға сәйкес жүргізілуде. Білім беру нысандары толықтай дайын. Денсаулық сақтау мекемелерінің әзірлігі 99 пайыз. 2 жылуэлектр орталығында 171 мың тонна көмір қоры бар. Сондай-ақ 1,4 мың тонна мазут әзірленді.

Тұрғындар үшін 409 мың тонна көмір қажет. Оны әзірлеу жұмыстары жалғасуда. Тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындауға 2 арнайы кәсіпорынның 15 бригадасы жұмылдырылған.

Антон Федяев, СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бастығы:
Айыртау, Уәлиханов және тағы бірқатар аудандарда қазандықтарды дайындау жұмыстары жүргізілуде. Бұл істі жылыту маусымына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Барлығы 13 қазандық дайын емес.

Бахтияр Қадырханов, СҚО төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығы:
Есіл ауданындағы Явленка селосында ескі қазандықтар алмастырылмақ. Дегенмен олардың орнына әлі жаңалары қойылмапты.Сондықтан 1-ші қазанға дейін мұны үлгермеулері де мүмкін.

Облыс әкімі мәселені шешуді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бастығы Антон Федяевқа тапсырды.

Инеш Шоқақова