Білім

Оқушылар ыстық тамақпен қамтылуда



 

2009 жылдан қалалық білім беру мекемелерінде оқитын бастауыш сыныптар және  тұрмысы төмен отбасыларынан шыққан 5-11сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Ол «Жаппай оқыту» қорының есебінен жүзеге асуда. Сапалы әрі дәрумендерге толы ас ішу үшін балаларға мемлекеттік санитар мамандар 1 айдың ас мәзірін құрып қойған. Бүгінгі күні Қожаберген жырау атындағы № 6 орта мектепте 562 оқушы білім нәрімен сусындауда. Олардың 228-і бастауыш сынып және 23-і аз қамтылған отбасылардан шыққан. Бәріне мұнда тегін ыстық тамақ беріледі. Ағымдағы жылы «Жаппай оқыту» қоры 9000 бастауыш сынып оқушысына 221 млн.825 мың теңге бөліп отыр. Ал  әлеуметтік жағдайы төмен 1780 балаға 46 млн.769 мың теңге қарастырылған. Бұл ата-аналар үшін үлкен көмек. Өйткені  бір балаға асханада тамақтануға күніне 171 теңге қажет көрінеді.

Марал Жүкенова, Петропавл қалалық білім бөлімінің әдіскері:
Әрбір қалалық мектепте арнайы комиссия тағайындалған. Олар тамақтың сапалы екендігіне көз жеткізеді. Комиссия мүшелері медбикелер және ата-аналар комитетінің өкілдері. Білім мекемелеріндегі асханалардың бәрі санитарлық талаптарға сай және жиһаздармен қамтылған.

Мектептің асханасында 3 сынып оқушыларына бүгінгі түскі асқа бұқтырылған көкөніс, С витаминді шай берілді. Бастауыш сынып оқушылары ас дәмді әзірленгенін айтады. Балаларға арналған ас мәзірі күн сайын өзгеріп тұрады. Мәселен, бүгін оқушылар көкөніс тамағын ішсе, ертең сүт көжесі пісіріледі.

Нұрсұлу Тюгумбаева, Қожаберген жырау атындағы № 6 орта мектептің асхана меңгерушісі:
Қазіргі таңда мемлекет балаларды тамақтандыруға үлкен көңіл бөліп отыр. Мұнда 4-11 сынып оқушыларының 70 пайызы ыстық тамақпен қамтылуда. Аптасына екі рет жеміс беріледі, бастауыш сынып оқушыларына 150 гр ыстық тамақ береміз. Ал үлкендеріне – 300. Меніңше тәрбиеленушілер оған дән риза деп ойлаймын. Себебі, бүгінгі күнге дейін оларданн шағым түскен емес.

Гүлбану Ахметова