Энергетика

Энергетиктер сайысы

 

 

Тұтынушыларды электр қуатымен үздіксіз қамту – энергетиктердің басты мақсаты. Тоқ көзінен айырылып қалған жарық бағаналарын жылдам әрі сапалы қалпына келтіру жедел жөндеу тобына жүктелетін міндет. “Қарағанды жарық” ЖШС өкілдекріне үзіліп қалған жарық тасымалдағыш сымның орнына жаңасын жалғау тапсырмасы берілді. Жоғары қуатты электр үлестіргішті қосудың өзінде бірқатар ережелері бар. Ол үшін алдымен жоспар құрып алу керек. Шахтерлер қаласының энергетиктері бар талаптарды мүлтіксіз орындап шықты. Бұл түсінікті де. Қарағанды қаласы өткен жылғы дәл осындай доданың чемпиондары.

Дастан Жексенбаев, “Қарағанды жарық” ЖШС инженері:
Биылда намысты қолдан бермей үздіктердің қатарында болуға тырысамыз. Басты көздегеніміз әрине өзге қалалардағы әріптестерімізбен шеберлік алмасып, кәсіби деңгейімізді көтеру.

Еліміздің жарық тарату желілерін жөндеу бригадаларының біліктілігін сынап, шыңдау байқауына қатысуға 11 құрама тілек білдіріпті. Жауапты қызметте өзге әріптестерінен артықшылығын паш ету үшін әрбір команда 7 бірдей кезеңнен өтулері тиіс. Олар техникалық қауіпсіздіктен бастап қызметтің қыр-сырын толық меңгергені байқалады.

 Виталий Фесько, “СҚТЖК” АҚ құрамының жетекшісі:
– Биылғы жарысқа екі сын жаңадан енгізілді.
Жуырда ғана қолданысқа енгізілген есептегіш құралдарды жөндеп тоққа жалғау керек. Кейін түрлі жиіліктегі 0,4 және 10 кВ жарық бағаналарын қосу. Әр қилы қуатты нысандармен жұмыс та мүлдем ерекшеленеді. Әр құраманың өз тәсілі бар. Қай команданың әдісі ұтымды болып көңілден шықса, өз қызметімізде пайдаланатын боламыз.

Айта кетейік өткен жылғы тартыста өңір энергетиктері екінші орыннан көрініпті. Биылғы жоспар бұл межеден асып түсу. Гран при иегерлері мен үздік үштіктің жүлдесіне қызметтік арнайы көліктер тігіліп отыр.

Вячеслав Утебаев, “СҚТЖК” АҚ вицепрезиденті:
Бірінші рет Қазақстанның барлық энергоорталықтарының құрамы жиналып отыр. Бәрі жүлдеден дәмелі. Оған талап өте күшті. Озып шыққан құрама шынымен мықтылығын дәлелдейді. Қарапайым қызметтік ережелерден бастап озық үлгідегі соңғы технологияларды жетік білетіндіктерін танытқан ғана көш бастайды. Әзірге барлығы жоғары және төменгі қуат күшімен бірдей жұмыс жасай алатындықтарын дәлелдеуге тырысуда.

Үздіктер төрт күн бойына өтетін жарыстан кейін анықталмақ.

Жеңіс Ермұқанов