Жаңа оқу жылының алғашқы күнінде жол полицейлері білім беру мекемелерінің жанында кезекшілік құрды. Төменгі буын оқушыларына дәріс оқып, жол ережелерін сақтауға үндейтін парақтар таратты. Жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балалар мектеп-интернат тәрбиеленушілері танымдық сабақтан соң сыйлықтарға ие болды. Енді жол сақшылары осы тақырып аясында облыстық балалар ауруханасының науқастарымен жүздеспекші. Кейін жол полициясы басқармасының кішкене қонақтарына “Бағдаршам – менің досым” атты қойылым ұсынуды жоспарлап қойған. Сондай-ақ жеке құрам жол апаттарынан зардап шеккендерге қандарын тапсыру арқылы жәрдем жасайтын болады. Тәрбие отбасынан басталады. Сондықтан тәртіп сақшылары ата-аналарға балаларының сақтығы қамында жол қауіпсіздігі тақырыбында ақыл-кеңес беруге шақырады.
Әсия Әбжанова, СҚО ІІД ЖПБ инспекторы:
–Құрметті ата-аналар! Жол полицейлерінің саны әр баланы бақылауда ұстауға жеткіліксіз. Сақтансаң сақ боласың. Сондықтан балаларыңызды жолда сақ болуға шақырыңыз. Алаңғасарлық танытып, көлік астына түсіп қалуы ғажап емес. Өкінішке қарай біздің тәжірибемізде балалардың қатысуымен болатын қайғылы оқиғалар жоқ емес.
Жыл басынан облыс жолдарында 35 бала жапа шекті.
Жеңіс Ермұқанов