Білім

Құрылыс колледжінің материалдық базасы нығайтылды


 

70 жылдан бері сұранысқа ие мамандарды даярлап келген қалалық № 1 кәсіптік лицей  биылғы оқу жылынан “Петропавл қалалық құрылыс колледжі” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны болып өзгерді. Бүгінде білім ордасында 284 оқушы 8 мамандық бойынша тегін білім алуда. Оларға 64 мұғалім сабақ береді. Былтыр оқу ошағын 213 тәрбиеленуші бітіріп, бәрі де жұмыспен қамтылыпты. Биылғы жылы колледжге қажетті жабдықтарды сатып алу үшін мемлекеттік қазынадан 25 млн. теңге бөлініпті. Еліміз жастардың оқып, білім алуына барлық жағдайды жасап отыр дейді колледж директоры Жеңіс Бабжанов. Кирилл Антонов 3 курста оқиды. Таңдауы нарықта сұранысқа ие техникалық мамандыққа түскен. Студент тәжірибе барысында көптеген дүниелерді үйренгенін айтады.

 Кирилл Антонов, Петропавл қалалық құрылыс коледжінің 3 курс студенті:
 – Менің досымның әкесі құрылысшы болып істейді. Жалақысы да жақсы. Сондықтан да мен осы мамандықты меңгеріп, құрылысшы болғым келді. Басқа колледждерге қарағанда мұнда тәжірибе жүзінде көп нәрсені үйретеді. Үш жылдың ішінде кірпіш қалаудың қыр-сырын үйреніп алдым.

Бүгінде газэлектр денекерлеуші мамандығына сұраныс көп дейді мұндағылар. Және   жаңа оқу жылынан бастап, жиһаз өндірісі яғни ағаш өңдеу станогының мамандығы ашылыпты. Бұл кәсіпті 20 оқушы меңгермекші. Мұнда әрбір пәнді оқытып, тәжірибе жүзінде өзін сынап көру үшін арнайы цехтар да бар. Михаил Вершинин оқушыларды темірді пісірудің қыр-сырына үйретіп жүр.

Михаил Вершинин, Петропавл қалалық құрылыс коледжінің өндірістік оқыту шебері:
– Жыл санап біздің оқу орны жаңарып келеді. “Жол картасы-2020” бағдарламасы аясында жаңа жабдықтар сатып алдық. Бұл денекерлеушілердің жұмысын жақсарта түспек. Жастарға сапалы білім беру үшін  біз өз мамандығымызды жетілдіріп келеміз. Және жаңа заманауи техникалық жабдықтарды сатып алмақшымыз.

Биылғы жылдан бастап колледжде білім алып жүрген оқушыларға Норвегияда тәжірибеден өту мүмкіндігі туып отыр.

Гүлбану Ахметова