Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда жылу бағасы өседі

 

 

 

Өңірімізде 2 жылдан бері жылу энергиясының тарифтері   өзгермеген. Алайда бұл сома базалық табиғи монополиялар субъектілері болып саналатын 3 мекеменің тарифтерінен құралады. Көмір, тасымал және шикізат құнының өсуіне байланысты 1 қазаннан бастап жылу энергиясын өндіру, беру, тарату және жабдықтау құны біршама өзгермек.

Марат Мұстафин, табиғи монополияларды реттеу агенттігі СҚО бойынша департаментінің директоры:
Көмірдің бағасы өсті. 2 жыл ішінде 34 пайызға, мазут пен тасымалдайтын теміржол бағасы өсті. «Петропавл жылу желілері» кәсіпорны қаражатты жөндеу жұмыстары мен инвестициялық жобаларға жұмсамақ.

Яғни өңірімізде жылу энергиясының дифференциалдық тарифі қабылданды. Енді тұрғындар көрсетілген қызметке 12 пайызға артық төлейтін болады. 1 шаршы метр үшін – 81 теңге 27 тиын. Дегенмен бар ауыртпалық заңды тұлғаларға түседі дейді Марат Мұстафин. Бұл тұста есептегіш құралдардың орнатылуы да маңызды. Онымен қазіргі уақытта облыс орталығындағы көпқабатты үйлердің 22 пайызы ғана жабдықталыпты.

Марат Мұстафин, табиғи монополияларды реттеу агенттігі СҚО бойынша департаментінің директоры:
1 қазаннан бастап есептегіш құралдары жоқ тұрғындар 20 пайызға артық төлеуі тиіс болатын. Дегенмен 1 қаңтарға дейін уақыт беріліп отыр. 3 ай ішінде тиісті жұмыстар жүргізу қажет.

Есептегіш құралдары орнатылған соң жылу энергиясының тарифі 81 теңгеден де аз болуы мүмкін деген болжам бар. Көршілес Қостанай қаласының тұрғындары 1 шаршы метр үшін – 109, ал көкшетаулықтар 87 теңге төлейді екен.

Инеш Шоқақова