Бизнес және экономика

“Мұнаймаш” сапа байқауына әзірленуде



 

“Мұнаймаш” акционерлік қоғамы елдегі мұнай өндіру саласына қажет жабдықтар жасайды. Кәсіпорынның негізгі тұтынушыларының бірі – “ҚазМұнайГаз” компаниясы екен. Солтүстікқазақстандық зауыт сыртқы нарықтың да кілтін тапқан көрінеді. Олар биыл көрші Ресейге жинақтаушы бөлшектердің 3 мың данасын шығаруды жоспарлап отыр. Мұнаймаштықтар өнім көлемін  озық үлгідегі станоктардың арқасында арттырмақ.

Федор Дмитриев, “Мұнаймаш” АҚ бас инженері :

“Өнімділік- 2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында лизингке 12 қырнау-өңдеу орталығын алдық. Бұлар жапондық және американдық тауарлар. Өнімділігі өте жоғары.

Қырнау-өңдеу орталықтарында жұмыс істеу өте ыңғайлы дейді зауыттықтар. Өйткені ең алдымен уақыт үнемделеді және өнім сапалы шығады. Мысалы, шикі дүние станоктың ішіне салынады. Мұнда бәрі автоматтандырылған. Компьютер арқылы бұйрық берілген соң құрылғы тетіктерді қырлап зырлай жөнеледі. Ұста ретінде 30 жылдық еңбек өтілі бар Оралбек Балғабаев та заманауи техниканың зор мүмкіншіліктерін байқаған. Енді  “Мұнаймаш” АҚ биылғы “Алтын сапа” республикалық байқауына қатыспақшы.

Евгений Андреев, “Мұнаймаш” АҚ бөлім бастығы:

Біздің кәсіпорын бұл байқауға 2008 жылдан бері қатысып келеді. Біз бәсекеге толығымен әзірбіз. Құжаттардың барлығы тапсырылған.

Кәсіпорын биыл 2,5 млрд теңгенің өнімін шығармақшы. Бүгінде жоспардың 90 пайызы орындалған.

Данаш Хамзина