Қоғам

Петропавлда Мағжан ескерткіші ашылды

 

 

Жұрт қашанда толастамайтын вокзал маңы қаланың орталық қақпасы іспетті. Өзге аймақтарға жол тартқандар мен қала қонақтарына аялдама аумағының жаңа кейіпке енгенін аңғармау мүмкін емес. 7 мың шаршы метр жерге жайылған саябақ тегістей кеспе таспен төселген. Оның 360 метріне гүлдер егіліпті. Гүлзардың ішінде екі бірдей су бұрқақ, айналасына жарық бағаналары мен жайлы орындықтар орнатылған. Енді міне демалыс мекенінің қақ ортасынан ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың ескерткіші бой түзеді. Заманынан оза шапқан дара Мағжан елдің егемендігін аңсап өтті. Жастарға өз жырларында жол көрсетіп, отанды сүюге шақырды. Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді. Мағжан ескерткішінің ашылуы Конституция күні мерекесінде өңір халқына үлкен сыйлық болды. Ұлы ақынның бүгінгі ізбасарлары пір тұтқан ұстазға  өлеңдерін арнады. Қанатты сөзді қазынам деп таныған көсемсөз шеберінің құрметіне тұрғызылған монумент қоладан құйылды. Биіктігі 5 м. 30 см. Авторы Қазбек Сатыбалдин. Ескерткіштің ашылу салтанатына жиналған жұрт Мағжанның рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Жеңіс Ермұқанов