Билік

Өңір басшысының Аққайың және Тайынша аудандарына жұмыс сапары

 

Аққайың ауданының орталығы Смирнов ауылында «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында бой көтерген баспаналар қолданысқа берілді. Қуаныш иелерін қоныс тойымен құттықтаған өңір басшысы 7 пәтердің кілтін иелеріне салтанатты түрде тапсырды. Мұнда жыл соңына дейін тағы үш үй пайдалануға берілмек. Мәлкеновтер отбасы үшін бүгін қос қуаныш. Мереке күні олар да баспанаға ие болып отыр. Жалпы үйлердің іргетасы 2011 жылдың тамыз айында қаланған болатын. Құрылыс жұмыстарын «Доломит» ЖШС жүргізген. Салтанатты шарадан соң аймақ басшысы Мәлкеновтар отбасының құтты қонағы болды. Кейін «Мемлекеттік рәміздер» алаңында Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған салтанатты шара өтті. Жиында сөз алған өңір жетекшісі аққайындықтарды Конституция күнімен құттықтады.  Бұл күні облыстың әлеуметтік – экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматтар өңір басшысының құрмет грамотасы және алғыс хаттарымен марапатталды. Бұдан бөлек, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерекелік төс белгілеріне ие болғандар да бар. Солардың бірі – «Үлгі жер» ЖШС бригадирі Серік Мұқашев. Салтанатты жиын соңы мерекелік концертке ұласты. Аққайың ауданына жасаған жұмыс сапары соңында Серік Біләлов «Солтүстік – Қазақстан ауылшаруашылығы сынақ станциясы» серіктестігінің танап басында болып, күзгі жиын-терім барысымен танысты. Шаруашылық биыл 13200 гектар алқапқа дән сіңірген. Бүгінгі күнге дейін егіннің 30 пайызы орылыпты. Шығымдылығы – 14 центнер. Аймақ басшысы орақ науқанын ертерек аяқтауға тапсырма берді.  

Ал Тайынша ауданына қарасты «Степноишим сынақ станциясы» серіктестігі 18 000 гектарға егін еккен. Күзгі орақ науқанына қызу кіріскен серіктестікте соңғы үлгідегі техника жұмылдырылған. Басшылық қыркүйектің 7-не дейін науқанды толығымен аяқтауды жоспарлап отыр.

Виталий Рафальский, «Степноишим сынақ станциясы» ЖШС бас директорының орынбасары:

-Жалпы аумақтың 32 пайызы орылды. Соңғы жауған жауын-шашын салдарынан жұмыс тоқтаңқырап қалды. Астық берекелігі – 14 центнер. Еш проблема жоқ. 8 комбайн жұмылдырылды шаруаға. Ал егін сапасы биыл жақсы. Қазір астықты бастырудамыз.

Шаруашылық мұнымен қоса ас бұршағын, бадана, қарақұмық пен жүгері де өсіреді екен. Мамандардың жаңа технологияның арқасында алған өнімі де айтарлықтай жақсы. Тайынша ауданында өнеркәсіп саласы да қарқынды даму үстінде. Конституция мерекесі қарсаңында полиэтилен құбырларын шығаратын жаңа кәсіпорын ашылды. Оны «Көкше Техстрой» ЖШС іске қосты. Облыс әкімі жаңа ашылған цехтың тыныс -тіршілігімен танысты. Қазіргі таңда мұнда 29 адам қызмет етуде. Олар үш ауысымда жұмыс істейді. Басшылық алда жұмыс орнын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Кейін аудан орталығында Ата заңымыздың 17 жылдығына байланысты мерекелік концерт ұйымдастырылды. Жиылған жұртшылықты Серік Біләлов құттықтады. Тайынша ауданының бірқатар азаматы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 20 жыл» атты медальмен, сондай-ақ облыс әкімінің құрмет грамотасы мен алғыс хатына ие болды. Мейрамға орайластырып, мұнда арқан тартыс, қазақша күрес, гір көтеруден спорттық жарыстар өткізілді. Мұнымен қоса түрлі мәдени орталықтарының қатысуымен арнайы көрме де ұйымдастырылды.

Материалды «Қазақстан-Петропавл» арнасының тілшілері дайындады