Балалар

Балалар мен жасөспірімдер клубы ашылды

 

 

Қазіргі таңда облыс орталығында  көп бағыттағы 5спорттық алаң, 20 балалар мен жасөсіпірімдер клубы және 200-ден астам үйірме жұмыс істейді. Спорт ошақтарында 3210 бүлдіршін уақыттарын тиімді өткізіп, салауатты өмір салтын ұстануда. Ал мереке күні есігін айқара ашқан “Тұлпар” балалар-жасөспірімдер клубы 210 балаға шақталыпты. Мұнда спорттық бағыттағы 10 үйірме жұмыс істемек. Балалар үйірмелерге тегін барып, уақыттарын ұтымды өткізе алады. Мәселен, ғимараттың бір бөлігінде жеткіншектер спорттың әр түрімен шұғылданса, екіншісінде авиамодельдер жайында толығырақ біліп, дәріс алады. Айта кету керек мұндай үйірме араға 15 жыл салып, “Тұлпар” клубында ашылып отыр.

Юрий Мощенко, Петропавл қаласы әкімдігінің мектептен тыс жұмыс бойынша балалар-жасөспірімдер орталығының директоры:
– Бұл клуб тегін жұмыс істейді. Жасөсіпірімдер үйірмелердің қай-қайсысына болсын қатыса алады. Бүгін өлең айтып, би
билесе, ертең спорттың басқа түріне мәселен футбол, волейбол ойнауларына мүмкіндік жасалған. 6 жастан бастап 18 -ге дейінгі жеткіншектерге есігіміз ашық.

Сондай-ақ, мемлекеттік мереке күнінде жасөсіпірімдер арасында өткен шағын футбол жарысының жеңімпаздары марапатталды. Шілде айында басталған тартысты доданың қорытындысы бойынша бірінші орынға “Достық” балалар мен жасөспірімдер клубының аяқ доп шеберлері тұрақтаған.

Павел Елунин, “Достық” командасының шабуылдаушысы:
– Шағын футбол өте тартысты өтті. Бірақ біз сыннан сүрінбей өтіп бас жүлдеге ие болдық. Оған өте қуаныштымыз. Менің “Достық” балалар және
жасөспірімдер клубына барып жүргеніме 4 жыл. Ата заң күнімен баршаңызды құттықтаймын.

Ал, екінші орынды “Спектр” командасы ұтып алса, үздік үштікті “Жеңіс” құрамасы тұйықтады. Сонымен қатар бірнеше аталымдар бойынша аяқ доп шеберлері марапатталды. “Ең мықты шабуылдаушы” атағына “Жеңіс” командасының ойыншысы Тимур Касимов лайық деп табылды.

Тимур Касимов, “Жеңіс” командасының шабуылдаушысы:
-Біз соңғы күні “Спектр” командасымен 2 ойын өткіздік. Бірінде жеңсек, екіншісінде жеңіліп қалдық. Осыдан 3 орынға тұрақтадық. Жалпы біз сияқты жастардың спортпен шұғылдануына бар жағдай жасалуда. Осындай мүмкіндікті қолдан жіберіп алмаған дұрыс деп ойлаймын.

Жасөспірімдерді спорттың түр-түріне баулу үшін қала қазынасынан 106,2 млн. теңге қарастырылыпты. “Тұлпар” балалар мен жасөспірімдер клубының ашылуына орай қала әкімі тәрбиеленушілерге хоккей формаларының 11 жинағын алуға сертификат табыс етті.

Гүлбану Ахметова