Қоғам

Скляровтардың еңбек әулеті

 

 

 

Скляровтар отбасы ауыр еңбекке үйренген адамдар. Бүгінде бұл әулеттің  Петропавл ауыр машина жасау зауытында 4 бірдей мүшесі жұмыс істейді. Кәсіпорын өткен жылы ғана 50 жылдығын тойласа, отбасының ұйытқысы, екі баланың анасы Валентина Склярова мұнда 40 жыл еңбек етеді. Валентина Александровна – өткізу бөлімінің жетекші маманы. Кезінде зауытқа зайыбына ілесіп жұбайы Николай Скляров та келген екен. Отағасының автокөлік цехында машина жөндеп, жастарға көліктің қыр-сырын үйретіп келе жатқанына 30 жыл.

Николай Скляров, Петропавл ауыр машина жасау зауыты цехының жетекші инженері:

– Алғашында механик болып орналастым, тура бір жыл өткен соң учаске бастығы қызметіне тағайындалдым. Енді, міне жетекші инженермін. Жұмыс көп. Бізде қол қусырып отыратын уақыт жоқ. Техниканы жинақтау қажет.

Ал Владимир Скляров – ата-анасының мақтанышы. М.Қозыбаев атындағы  СҚМУ-ды аяқтаған соң бірден осында орналасқан. 4 жыл бұрын инженер-конструктор болса, қазір технологиялық жабдықтау бюросының бастығы қызметін атқарады. Әріптестері оны білімді әрі өз ісіне жауапты маман деп сыйлайды.

Владимир Скляров, Петропавл ауыр машина жасау зауытының бюро бастығы:

– Кәсібім өзіме ұнайды. Біз мұнда жобалаумен айналысамыз. Зауытта жастардың еңбек етуіне жақсы жағдайлар жасалған. Тұрақты жұмыс орны, зор тәжірибе мен лайықты жалақы бар. Еңбекақыны уақытында алып тұрамыз.

Отағасының қарындасы Надежда Павловна да осында. Кәсіпорын қызметшісі соңғы 14 жылда жастардың зауытта жұмыс істеуге деген ынтасының артқанын байқаған. Надежда Склярованы жастардың аға толқынға қолқанат болып, ақылын сабырлықпен тыңдайтыны қуантады.

Надежда Склярова, Петропавл ауыр машина жасау зауытының қызметшісі:

– Жастар жақсы жұмыс істейді. Елбасы еріншектіктен аулақ болыңдар деп айтты ғой. Соны жас мамандар басты бағыт-бағдар қылып алған. Ерінбесең табыс болады әрі қимыл-қозғалыс денсаулыққа да пайдалы емес пе.

Надежда Склярова зейнетке екі жыл бұрын шықса да, сүйікті ісін әлі қияр емес. Енді, екі ұлының осында жұмысқа тұрғанын қалап жүр. Зауытта сыйлы Скляровтар отбасының бірлігі мен берекесінің сыры осы еңбекте жатса керек.

Данаш Хамзина