Ауыл шаруашылығы

“Зенченко и К” КС астықтың 40 пайызын жинап алды

 

 

“Зенченко и К” командиттік серіктестігінің танап басында қарбалас жұмыс. Қазір мұнда егін орудың нағыз қызған шағы. Серіктестік биыл дәнді дақылды 30 мың га жерге сеуіпті, соның 6 мың 700 гектары таза бидай. Бүгінде барлық алқаптың жартысына жуығы жиналған.

 Виктор Самойленко, “Зенченко и К” КТ бас агрономы:

– Егістіктің 40 пайызы бастырылды. Ауа райы қолайлы болса, екі аптаның ішінде науқанды аяқтаймыз деп отырмыз. Жұмысшылар кестеге сай үлгеріп жатыр. Ораққа барлығы 20 комбайн жұмылдырылды.

Мұндағы гектар берекелігі 20 центнерден айналуда. Бұл құрғақшылыққа қарамастан қол жеткізіп отырған өте жақсы өнім дейді серіктестіктің бас агрономы Виктор Самойленко. Әрі биыл бірінші рет егілген жетілдірілген қазақстандық селекция «Шортанды», «95» тұқымының да шығымдылығы жоғары екен. Дәннің желімділігі  24 пайызды құрап отыр. Сондай-ақ, Виктор Самойленко астықтың ылғалдылығын дәл танап басында анықтап берді.   Ылғалдылық – 14 пайыз. Ендеше, астықты кептірмей-ақ қамбаға салуға болады. Агроқұрылымда бидайдан басқа арпа, сұлы, рапс және жүгері өсіріледі екен. Жүгері тұқымынан бұрын-соңды болмаған өнім шыққан. Былтыр бір гектардан 220 центнер жиналса, биыл берекелік 325 центнерді құрап отыр. Әзірге, 1 мың 800 гектардың 350-і шабылыпты. 2 комбайн күніне 2 мың тоннасын ұсақтап, 12 тонналық «КАМАЗдарды» 4 минутта толтырып жөнелтуде.
Анатолий Тищенко серіктестікте 15 жыл еңбек етеді. Білікті маман. Бұрын ресейлік комбайндарды жүргізсе, қазір германдық «Ягуарға» отырған.

Анатолий Тищенко, “Зенченко и К” КТ комбайншысы:

– Шетелдік техниканың мүмкіндігі зор. Мында барлығы автоматтандырылған. Комбайн судай жаңа. Өнімділігі өте жоғары.

Негізі Қызылжар ауданының орақ өнімі қуантарлық. Бір гектардан орташа есеппен 15,6 центнерден жиналуда. Қазір қызылжарлықтар 200 мың гектарға себілген дәнді дақылдың 86 мың гектарын құлатып, 60 мыңын бастырып үлгерген. Мұнда орақ науқанын қыркүйектің 20-на дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Данаш Хамзина