Құқық қорғау органдары

Полицейлер жол-көлік оқиғалары көбейеді деп қауіптенуде


 

24 тамыз күні Петропавлдың Копай кентінде “Мерседес” рөліндегі әйел қарсы бағытқа шығып, “Митсубиси Грандис” автокөлігімен соқтығысқан. «Мерседестің» ішінде кәмелеттік жасқа толмаған 4 бала отырған. Жапа шегушілердің ең кішісі 7 жаста болса, үлкеніне – 10. Екі темір тұлпардың соқтығысуы салдарынан жасөпірімдер бас, іш жарақаттарын алып, облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Дәл осыған ұқсас оқиға Жамбыл көшесіндегі «Тайга» базарына жақын жерде орын алды. Жаяу жүргіншіге арналған белгі жоқ жерден жүгіріп өтпек болған бүлдіршін “Нива” көлігінің астына түсіп, аяғын сындырып алған. Тағы бір жол-көлік оқиғасы тамыздың 29-ы Сатпаев көшесінде орын алды. “Мерседес” көлігінің жүргізушісі жаяу жүргіншіге арналған жерден өтіп бара жатқан әйелді баласымен қағып кеткен. Жарақат алған бүлдіршін мен оның шешесі тез арада ауруханаға жеткізілді. Темір тұлпардың иесі өзінің кінәсін мойындаудың орнына ақталмақ болды. Екі күннен кейін жаңа оқу жылы басталып, көшеде бала-шаға көбейеді. Абайсыздықтың арты қайғылы аяқталуы ғажап емес. Сондықтан да тәртіп сақшылары жаяу жүргіншілерге жолда белгісі бар жерлерден ғана өтуді ескертуде.

Әбілсейіт Жолаушин, СҚО ІІД жол полициясы басқармасының аға инспекторы:
 – Жыл басынан балалардың қатысуымен 29 жол-көлік оқиғасы тіркеліп,  35 бүлдіршін әр түрлі жарақат алған. Арнайы рұқсат етілмеген жерлерден жолды кесіп өтпеу керек. Автокөлік жүргізушілері жылдамдықты шамадан тыс асырмаңыздар.

Полицейлер көлік жүргізушілеріне жолда жүру ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.

Гүлбану  Ахметова