Қайырымдылық

Оқушыларға қайырымдылық көмек

 

 

 

«Қайырымдылық жасауға асық». Биыл «Мектепке жол» республикалық акциясы осындай ұранмен өтуде. Ал қайырымдылық жасауға асыққандардың саны аз емес. «Цеснабанк» АҚ еліміздегі 440 бүлдіршінге кеңсе тауарларын алуға қаржылай көмек көрсетпек. Оның 20-сы солтүстікқазақстандық оқушылар.

Құлыбек Шопанов, «Цеснабанк» АҚ СҚОФ директоры:
– Біздің банк қайырымдылық акцияларына белсене қатысады. Бүгін әр балаға 15 мың теңгенің тауарын табыс етпекпіз. Бұл бүлдіршіндер үшін біздің тарапымыздан аз да болса көмек болады деп ойлаймын.

Қазіргі уақытта өңіріміздегі әлеуметтік аз қамтылған жанұяларда 10 мыңнан астам бүлдіршін тәрбиеленуде. Және 2029 жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балалар бар. Оларға қамқорлық жасап, мейірімділік таныту маңызды дейді балалардың құқығын қорғау департаментінің мамандары.

Ғалия Балтабаева, СҚО бойынша балалар құқығын қорғау департаменті директорының орынбасары:
– «Мектепке жол» акциясы осымен 5-ші жыл қатарынан ұйымдастырылуда. 2 апта ішінде 3301 солтүстікқазақстандық бүлдіршінге көмек көрсетілді. .

Қалам, дәптер, сөмке мен түрлі-түсті бояуларға ие болған бүлдіршіндердің жүздерінде күлкі. Әркім өз қуанышын әрқилы жеткізді. Карина Рогожникова өлең шумақтарын жаттап келген екен. Карина биыл мектеп табалдырығын аттамақ.

Карина Рогожникова:
Маған қалам, дәптер, сөмке сыйлады. Өте қуаныштымын.

Қыркүйектің 30-на дейін жалғасатын игі акция аясында қолдаудан үмітті ата-аналар мен балалар әлі де баршылық.

Гүлайым Есенжауылова, ана:
Менің 6 балам бар. Оның 4-і мектепте білім алады. Сондықтан осындай бағдарлама арқылы көпбалалы отбасының балаларына қолдау көрсетілетіндігі қуантады.

Балаларды қаржы тапшылығы емес, жаңа достар табу, әлемді тану және қандай түсті сөмке алу мәселесі ғана алаңдатуы тиіс дейді ұйымдастырушылар.

Инеш Шоқақова