Білім

Колледж оқытушыларының инновациялық жобалары

 

 

www.obuchtehavto. kz . Бұл сайт ғаламторда 2 ай бұрын ғана пайда болды. Оған Солтүстік Қазақстан кәсіптік -педагогикалық колледжінің оқытушылары Гүл Абалқасова мен Максим Яварович автокөлікті жөндеу және техникалық қызмет көрсету жөніндегі ақпаратты орналастырыпты. Сайттың техникалық мамандық студенттерімен қатар әуесқой автомобильшілер үшін де қызық болары сөзсіз дейді құрастырушылар.

Гүл Абалқасова, Солтүстік Қазақстан кәсіптік -педагогикалық колледжі информатика пәнінің оқытушысы:
– Біздің сайтымызға кез-келген адам кіре алады. Қазірдің өзінде жұртшылықтың қызығушылық танытып отырғандығын байқадық. Мұндай сайттар қазақстандық интернетті дамытуға өз үлесін қосады деп ойлаймын.

Анық әрі түрлі-түсті суреттер, сан алуан тақырыпқа арналған сызбалар мен 3 D анимация. Мұның өзі аталмыш сайт жаңашылдықтарының толық тізімі емес. Сондықтан осыдан 1 ай бұрын ұйымдастырылған «Кәсіби білім беру мекемелерінде техникалық мамандықтарды оқытудағы ең үздік онлайн-модель»  республикалық байқауында тың жоба 2-ші орынға лайық деп табылды.

Максим Яварович, Солтүстік Қазақстан кәсіптік -педагогикалық колледжі арнайы пәндер оқытушысы
– Студент дәріс кезінде кейбір тақырыптарды жетік меңгере алмаса, аталмыш сайтқа кіре алады. Мұнда теориялық ақпаратпен қатар зертханалық тапсырмалар да бар. Видеоақпаратты да қосып отырмыз.

Білім ордасының оқытушылары түрлі байқауларда жеңіске жеткен. Мәселен, Евгений Носачевский «Cызу пәнін оқытуда компас-график графикалық редакторын пайдалану» жобасын құрастырған. Облыстық байқауда оның туындысы 1-ші дәрежелі дипломмен марапатталыпты.

Евгений Носачевский, Солтүстік Қазақстан кәсіптік -педагогикалық колледжі сызу пәнінің оқытушысы:
-Жобаның идеясы ертеректе пайда болды. Мен бұрын информатика пәнінен сабақ бергендіктен графика жағын жақсы білемін. Түрлі қиындықтағы сызбаларды жасауға болады. 2 жыл бойы құрастырған еңбегімнің жемісі.

Оқытушылар өз жобаларын одан әрі жетілдіру арқылы білім беру сапасын арттыруды жоспарлап отыр.

Инеш Шоқақова