Мәдениет

“Достық” көрмесі



 

Суретшінің көрмеге қойылған туындылары екі елдің достығынан сыр шертеді. Сондықтан да көрме “Достық” деп аталған. Мұнда суретшінің екі елге деген махаббаты бейнеленген. Қазақстан мен Әзербайжанның табиғаты, қазақи отбасы, Қызылжар орталық мешіті және шіркеу. Осы дүниелердің бәрін Али Гусейновтің өзі сызған. Оның бұл көрмесі еліміздің солтүстік өңірінде алғаш рет ашылып отыр. Сондықтан да суретшінің шығармашылығымен танысамын деушілердің қатары қалың. Суретшінің әріптестері де өз пікерлерімен бөлісті.

Валерий Савельев, педагог-суретші:
Суретшінің салған дүниелерінен ашық түсті бояуларды көп пайдаланатынын байқадым. Бұл оңай емес. Автордың көп еңбектенгендігі байқалады. Табиғатқа деген махаббаты да ерекше. Екі елдің табиғатының байлығын еңбектеріне арқау етіпті. Менің көңілімнен шықты.

Бұған дейін суретшінің туындылары әлемнің 20 елінде өткен көрмелерге қойылған. Конституция күні қарсаңында қылқалам иесі еңбектерін петропавлдықтарға көрсетуді ұйғарған. Жұртшылық назарына суретшінің сиясы кебе қоймаған туындылары қойылды.

Али Гусейнов, дизайнер-суретші:
Менің мұнда тұрып жатқаныма 5 жыл болып қалды. Бүгінгі көрме арқылы сызған туындыларымды бәріне көрсетіп, бағаласын деп ұйымдастырып отырмыз. Мұнда көп ұлттар тұрады. Бәрі де бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруде. Маған солтүстік өңір өте қатты ұнады. Бұл Қазақстан жерінде өткізіп отырған алғашқы көрмем.

Бүгінгі көрмеге суретшінің 33 туындысы қойылды. Енді Али Гусейнов осындай шараларды жиі ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Гүлбану Ахметова