Қоғам

“АЛЖИР” мұражай-кешенінің өкілдері Петропавлға келді



 

ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін – мыңдаған жазықсыз адамдар мерт болған тарихымыздың шерлі беттерінің бірі. Сталиндік жүйе еңбектеген сәби мен еңкейген кәріні де, әйелдерді де аяған жоқ. “Халық жауларының” әйелдері «АЛЖИР» азабын тартты. Қуғын-сүргін жылдары Ақмола лагерінде 6 мыңнан астам әйел тұтқында болған. Осыдан бес жыл бұрын ашылған саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының “АЛЖИР” мемориалды мұражай- кешенінде қасіретті жылдардан сыр шертетін құнды жәдігерлер қойылған.

Әділет Тұрмұхамбетов, “АЛЖИР” саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мемориалды мұражайкешенінің қызметкері:
-Мұражайдағы жәдігерлерді негізінен қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары тапсырды. Олардың жеке заттарын, хаттар мен құжаттарды әкеледі. Сондай-ақ біздің қызметкерлер бұрын лагерьлер болған қалаларға барып, туысқандарымен кездесіп, мұрағаттарда жұмыс жасайды. Соңғы бес жылда тағы 15 адамның аты-жөні белгілі болды. Бұл жұмыс жалғасуда.

Кейін кездесуге жиналғандар саяси қуғын-сүргін ұшырағандарға орнатылған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, солақай саясат құрбандарын еске алды. Отызыншы жылдары жазықсыз азап шеккендердің бірі – Бахыт Бегенованың анасы. 1938 жылы жұбайы атылған соң, Мүслима Ілиясованы тұтқындаған. Ол Ақмола лагерінен туған жеріне тек он жылдан кейін ғана оралған.

Бахыт Бегенова:

Жұбайы педагогикалық училищенің директоры болған. Ол халық жауы болып, атылған соң, анамды бес жылға “АЛЖИР-ге” жіберген. Соғыс басталғаннан кейін тағы 5 жыл отырған.

Анасының жеке заттары мен құжаттарын Бахыт Бегенова “АЛЖИР” мемориалды мұражай-кешенінің мұрағатына тапсырыпты. Кейінгі ұрпақ тарихтағы қаралы кезеңді естен шығармай, жадында сақтауы қажет дейді ол.

Айымгүл Әбілева