ТЖ

Білім беру нысандарының жаңа оқу жылына әзірлігі тексерілуде

 

 

Соңғы жылдары облыстағы білім беру нысандарында өрт оқиғасы тіркелмепті. Яғни білім ордаларында өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуына аса мән берілуде. Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері биыл осымен екінші рет тексеріс ұйымдастырған. Өткен жылмен салыстырғанда біршама өзгеріс байқалады дейді олар.

Ерлан Құлақбаев,  Петропавл қаласы төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері:
 – Өткен жылмен салыстырғанда білім беру мекемелерінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуына аса мән беріледі. Облыс орталығындағы 60 нысанның 58-і өрт қауіпсіздігі ережелеріне толықтай жауап береді. Өткен жылы 200-ге жуық олқылық анқталған болатын. 38 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қосалқы шығу есігінің әрдайым қалыпта болуы, дабыл қаққыштардың орнатылуы және өрт сөндіретін құралдардың жай-күйі. Өрт сөндірушілер ең алдымен осы жайттарды жіті тексереді. Жалпы өңірімізде 665 білім беру мекемесі бар. Білім ордасындағы өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуына мектеп әкімшілігі жауапты.

Гүлжан Жақанова, қазақ мектеп-гимназиясының директоры:
 -Мектепте өрт қауіпсіздігінің сақталуына ерекше көңіл бөлеміз. Сынып сағаттарын өткіземіз. Өзге де шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылады.

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жоспардан тыс 300-ге жуық білім ошағын тексерген. Нәтижесінде 105 олқылық анықталған. Қазірдің өзінде 61 нысан кемшіліктерді жойыпты.

Инеш Шоқақова